БАЛАНЫ НАМАЗҒА БЕЙІМДЕУ

БАЛАНЫ НАМАЗҒА БЕЙІМДЕУ

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Намаз - шариғатымыздың басты тірек құлшылығы. "Намаз - көзімнің нұры" деп түнімен аяғы іскенше намаз оқыған Мұхаммед пайғамбардың (с. а. у.) үмметіміз. Сондықтан әрбір  мұсылман намазды асқан ыждаһаттылықпен орындап, ұрпақтарына да үйретуге міндетті. Жас балалар балиғат жасына жеткенге дейін шариғатымызда намаз оқулары міндеттелмейді, яғни парыз емес. Алайда сахабалардан Абдулла ибн Аббас (р.а.): "Балаларыңызға бір мәрте сәжде жасатсаңыздар да намаз оқуды үйретіңіздер!"-деген болса, сахабалардан тағы бірі Абдулла ибн Омар (р.а): "Бала оң қолы мен сол қолын ажырата білгеннен бастап намазға үйретіледі"-деген. Хадистерде айтылғандай балаларға иманнан кейін сабырлы, мейірімді, ибалы, инабатты болып өсулері үшін, мейлі өз ықтиярымен немесе мәжбүрлеп болса да, олар балиғат жасына жеткенше, ата-аналары ұл-қыздарын намаз оқуға үйретуге міндетті екендігі ескертілген.

Балаларға ең әуелі Аллаға иман тақырыбына қатысты негізгі мәліметтерді сіңіріп әрі ойында жүрген күмәнді сұрақтарын сейілткен жөн. Балиғатқа толғаннан кейін балаларға сол кезеңге дейін айтуға батылыңыз жетпеген тақырыптарды қозғауыңызға әбден болады. Аллаға иман тақырыбын толық меңгергеннен кейін күпірліктің не екенін, Алла Тағалаға серік қосушылықтың күнә екендігін, және сол секілді басқа да тақырыптарды түсіндіруіңізге болады. Құранда Хз. Лұқман (а. с.) баласына айтқан өсиетінде былай дейді: "Балам, Аллаға еш нәрсені серік етіп қоспа, себебі, Аллаға серік қосу − ең үлкен зұлымдық." Демек, балаларымызды Аллаға серік қосудан сақтандыруымыз қажет. Содан кейін ғана Алла алдындағы құлшылықтары мен қоғам алдындағы жауапкершіліктерін үйретеміз. Құлшылықтың алғышартында перзенттерімізді жалықтырып алмастан, қиындатып жіберместен, қатты тәртіппен болмаса-да,  жеңілдетіп оларды намазға ынталандырып, намаз оқуға әдеттендіруіміз керек. Ата- ана  перзенттерін намазхан етіп тәрбиелеуге Алла алдында жауапты. Дүние табудың соңында жүріп, ақыретті ұмытып кетпей, ұрпақтарына діни тәлім-тәрбие беруді мақсат тұтуы тиіс. Перзенттеріне намаз үйрету бір ғибадат болып, үйреткені үшін ата-анасына да сауап беріледі. Балаларды намазға бейімдеу үшін мынадай шарттарға мән беріп, орындау керек:

1.Балаларыңызға намаз үйретуге арнайы уақыт белгілеңіз, әрі тек Алла разылығын алу үшін ғана үйретіңіз.

2.Перзенттеріңіздің жалқаулығынан үмітсіздікке түспеңіз. Алла қаласа ұрпақтарымыз да ықыласты намазхан болып кетеді деп әрқашан үміттеніңіз.

3.Дастархан басында намаз туралы әңгіме қозғап, құлақтарына құйып, ниеттерін ашыңыз.

4.Дәретсіз намаз болмайды, дәрет тазалық-кепілі, балаға әрдайым дәретті болып жүру керек екенін үйретіп, әрдайым, дәретпен жүретін намзхан кісінің жүздері нұрланып, сұлу, әдемі болып көрінетінін айтып, тазалыққа ынталандыру керек.

 5. Балалардың намаз оқып, оқымағандығын қадағалаңыз. Алла Тағала адамзатты әрдайым көріп әрі бақылап тұратындығын балаларыңыздың есіне салып тұрыңыз. Әрі адамнан емес, Алладан қорқып намаз оқып жүргенін бақылаңыз.

6.Балаңызға намазға, иман- исламға байланысты кітапшалар, жайнамаздар, тәспілер, орамалдар сыйлаңыз.

7.Балаларды намазға оятқанда, жылы сөйлеп, оларды жақсы сөздермен оятып, намазды үзбей, уақытында оқып жүрген балаларды мақтап, бастарын сипап, мейір-махаббат көрсетіп тұру керек.

8.Үйде жамағат болып перзенттеріңізбен бірге намаз оқуды әдетке айналдырыңыз.

9.Жасөспірім балалардың достарына назар аударыңыз. Әдепті, жақсы, тәрбиелі балалармен араласуына көмектесіңіз.

10.Балаларыңызға намаздың адам өміріне құт-береке алып келетінін, намазды тәрк етіп қалдыру пенденің тағдырын қиындатып, ризық несібесін кемітетіндігін айтып берген дұрыс. Намазда отанның тыныштығын, оның берекелі болуын, халықтың амандығын тілеп дұға етудің маңыздылығын үйрету керек. Перзенттеріңіз отан сүйгіш, басқаларға мейірімді болуы үшін, өзіңізде сол мәселеде үлгі-өнеге көрсетуіңіз керек.

Балаларыңыз мешітке барып жамағатпен намаз оқып жүрсе, ол ісін ескеріп, басын сипап, арқасын қағып қойыңыз. Балаларды намазға бейімдеудің өзіне сай қиыншылықтары бар. Ата-аналар барынша сабырлы, мейір-шапағатты болып Алла Тағалаға тәуекел етіп, әрекет етуі керек. Атап өткен шарттар өмірлік тәжірибеден өткен, перзент тәрбиесіне өте қажет. Әр ата- ананың өздеріне ыңғайлы, бала тәрбиесінің бағыт-бағдары бар. Ең бастысы амалда қолдана алу тиімді болады. Балаларыңызға ізгілікті дұғалар жасап жүріңіз, оларды дұғасыз қалдырмаңыздар. Ата- аналар әрқашан ұл-қыздары үшін қайырлы дұғалар тілеуден жалықпағандары жөн.

Жайна БЕКНАЗАРОВА

Жамбыл аудандық орталық "Бәйдібек" мешітінің ДСАК ұстазы

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз:

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active