Байзақ ауданының бас имамы Қанат Әділханұлының бастамасымен Жақаш ауылдық мәдениет үйінде халықпен кездесу өтті. Халықпен кездесуде бас имам «Ұлт тәрбиесі бала тәрбиесінен басталады» тақырыбында насихат айтты. Бас имам ата-аналарға бала тәрбиесіндегі діннің маңыздылығы мен ұлттық-рухани тәрбие жайлы ой бөлісті.
Қанат Әділханұлы насихатында: Ғалымдар айтады екен: «Елдің ертеңін білгің келсе, бүгінгі жастарына қара», деп. Ия, жастар қашан да әр халықтың ең құнды қазынасы болған, солай бола береді де. Себебі, жастар – елдің тірегі. Жастар – халықты дамуға жетелейтін негізгі күш. Жастар – елдің болашағы. Жарқын болашақ жастардың қолында.
Ислам діні қашанда жастардың қоғамдағы рөлінің жоғары екенін көрсетіп, оның тәрбиесіне айрықша көңіл бөлуге шақырып келген. Себебі дұрыс бағыт алған жастар үмметтің үмітін ақтайды. Керісінше жағдайда, тәрбиесі ақсаған жастар дұрыс пен бұрыстың арасын ажырата алмай, сағы сынады. Қоғамда кері әрекеттер мен бүліктерге жол ашылып, елдің берекеті қашады. Бүгінде тәрбиесі ақсаған жас ертеңгі күннің қылмыскері болып шығуы әбден мүмкін. Қой үстіне бозторғай ұялаған заманды көреміз десек, бүгіннен бастап жастардың тәрбиесіне ерекше көңіл бөлуіміз керек», - деді.



26 Қараша 2025
5 Джумада-сани 1447

