Жамбыл облысы Тұрар Рысқұлов аудандық «Сұлтан» мешітінің бас имамы Қуаныш Досымжанұлы мешітке келуші жамағатқа Исламдағы жамағат түсінігін баяндап өтті.
Бас имам насихатында: «Әр мұсылман қоғамнан, мешіттен, имамнан алыстамауы тиіс. Ислам дінінде жамағат ұғымы ең маңызды рухани және әлеуметтік құндылықтардың бірі. Себебі, жамағат – иманның қорғаны, қоғамның бірлігінің кепілі. Ал жамағаттан ажырау – әлсіздік пен адасушылықтың бастауы. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде: «Кім жамағаттан бір қарыс ажырасса, ол өзінің мойнындағы Исламның жамылғысын шешкенмен тең», – деген(имам Бұхари).
Бұл хадис – жамағаттың Исламдағы орнын айқындап беретін аса маңызды ескерту. Жамағат – тек мешіттегі намазда жиналған адамдар ғана емес, ол – ортақ сенім мен мақсатқа ұмтылған мұсылман қауым. Жамағатпен бірге болудың пайдасы адамдар арасында бауырластықты сезімін арттырып, өзгеге қол ұшын беріп, әрдайым қоғам үшін пайдалы іспен айналысуда,- деп, кеңінен түсіндіріп берді.
Қуаныш Түзелбеков
Рысқұлов аудандық мешіттің баспасөз қызметі



18 Қараша 2025
27 Джумада-авваль 1447

