Сейдуаш ата мешітінің жамағаты бір ауыздан ізгі ниетпен бірігіп, табиғатты көркейтуге арналған сауапты іске жұмыла кірісті. Ақсақалдарымыз бен жастарымыз мешіт ауласында және айналасында тал егіп, жас көшеттерге су тасып, қолмен еңбек етті. Бұл іс - шараның басты мақсаты - Алланың жаратқан табиғатына қамқорлық жасап, келер ұрпаққа жасыл мұра қалдыру, сондай - ақ жастарға өнеге көрсету болды.
Жамағат арасындағы ынтымақ пен бірліктің көрінісі болған бұл игі шарада әркім өз үлесін қосуға тырысты. Ақсақалдарымыз ақ батасын беріп, жастарымыз белсенділік танытып, қолмен еңбек ету арқылы қайырымдылықтың да, экологиялық жауапкершіліктің де маңызын ұғынды.
Имам Оразбаев Акбар бастаған бұл сауапты іс - мешіт жамағатының қоғам алдындағы жауапкершілігін, имандылық пен ізгілікті насихаттау жолындағы еңбегінің бір көрінісі. Табиғатты қорғау - мұсылманның парызы, ал жерге тал егу - Пайғамбарымыз ( с.ғ.с ) өсиет еткен амалдардың бірі.
Алла тағала осы игі істі қабыл етіп, оны ұйымдастыруға және қатысуға үлес қосқан барша жамағатқа разылығын берсін! Осындай бірлік пен берекелі сәттер көбейе берсін!



05 Қараша 2025
14 Джумада-авваль 1447

