Тараз қаласындағы Хаджи Тамаль Мадина мешіті жақсылық пен қамқорлыққа негізделген игі іс-шара ұйымдастырды. Мешіт имамының бастамасымен және жергілікті жомарт кәсіпкер жігіттің қолдауымен, қаладағы әлеуметтік жағдайы төмен және көпбалалы 4 отбасыға азық - түлік түрінде қайырымдылық көмек берілді.
Жалпы берілген көмектің сомасы 120 000 теңгені құрады. Азық-түлік себеттеріне күнделікті тұрмысқа қажетті ұн, қант, май, күріш, макарон өнімдері және басқа да тағам түрлері енгізілді.
Мешіт өкілдерінің айтуынша, бұл қайырымдылық шарасы мұқтаж жандардың тұрмысына аз да болса қолдау көрсетіп, жүректеріне қуаныш ұялатуды мақсат етеді.
«Бір - бірімізге қамқор болу - адамгершіліктің белгісі. Осындай игі істер арқылы қоғамда мейірімділік пен бірлікті нығайта түсеміз», - дейді мешіт имамы.
Игі іске бастамашы болған кәсіпкер де өз кезегінде халыққа жақсылық жасау - әр азаматтың парызы екенін атап өтті. Ол алдағы уақытта да осындай қайырымдылық шараларын жалғастырып, тұрмысы төмен отбасыларға қолдау көрсетуді жоспарлап отырғанын айтты.
Мешіт ұжымы мен жомарт азаматтардың бірлескен бұл ісі Тараз қаласында ізгіліктің үлгісіне айналып , өзгелерге де өнеге болары сөзсіз.


05 Қараша 2025
14 Джумада-авваль 1447

