Тараз қаласы «Ар - Рахман Ар - Рахим» мешітінде қайырымдылық пен мейірімге толы игі іс атқарылды. Жергілікті жамағаттың және қайырымды азаматтардың қолдауымен бір қой сойылып, оның еті төртке бөлініп, түгелдей мұқтаж отбасыларға таратылды. Қойды сатып алуға 90 000 теңге қаражат жұмсалды.
Бұл іс - шараның басты мақсаты - Алланың разылығын алу, сондай - ақ қоғамдағы аз қамтылған жандарға көмек қолын созу болды. Қайырымдылық - мұсылманның иманынан туындайтын қасиет. Осындай істер арқылы адамдар арасында бауырмалдық пен сүйіспеншілік нығая түседі.
Мешіттің бас имамы Ембергенов Амангелді жамағатқа үндеу тастап, ізгі істердің маңызын атап өтті: «Адамның ең көрікті қасиеті - мейірімділік. Алла Тағала Құранда «Кім бір жанға жақсылық жасаса, ол да сол жақсылықтың сауабына бөленеді» деп айтады. Сондықтан қайырымдылық - тек беру емес, жүрек тазалығының белгісі», - деді имам.
Алынған ет мұқтаж отбасыларға үлестіріліп, әр шаңырақта қуаныш пен ризашылық лебі есіп тұрды. Жамағаттың бірі Алла разылығы үшін жұмсаған әр тиынның да үлкен сауап екенін айтты.
Осындай ізгі амалдар - қоғамның рухани тірегін күшейтіп, адамдардың жүрегіне жылулық сыйлайды. Қайырымдылық - жалғыз бір күндік іс емес, ол өмір бойғы ұстаным болуға тиіс.
Мешіт ұжымы алдағы уақытта да жамағатпен бірге мұқтаждарға көмек көрсетуді дәстүрлі түрде жалғастыруды мақсат етіп отыр.



05 Ноябрь 2025
14 Джумада-авваль 1447

