Шу ауданының орталық «Жәми» мешітінде әйел-қыздарға арналған «Ілім алудың маңыздылығы» атты рухани-танымдық семинар ұйымдастырылды. Бұл жиынның мақсаты — әйел-қыздар арасында білімге деген сүйіспеншілікті арттырып, ілім үйренудің мұсылман өміріндегі орны мен құндылығын ұғындыру болды.
Семинарға арнайы Тараз қаласынан келген Камила ұстаз қатысып, әсерлі де мазмұнды дәріс өткізді. Ұстаз өз сөзінде ілім ізденудің рухани және адамгершілік тұрғыдан маңызын түсіндіріп, Алла разылығына білім арқылы жетудің жолдары, рухани кемелденудің қажеттілігі және ілімнің адамды ізгілікке жетелейтіні туралы жүрекке жылы ойларымен бөлісті.
Шара соңында қатысушылар ұстаздың тағылымды сөздерінен ерекше әсер алып, білімге деген ынтасы мен ықыласын арттырғанын жеткізді. Осындай рухани кездесулердің маңыздылығын атап өтіп, алғыс пен ризашылықтарын білдірді.
Шу аудандық «Жәми» мешітінің баспасөз қызметі.