Адам баласы өмірде белгілі бір жолды таңдап, сол жол арқылы өзінің болмысын қалыптастырады. Сол жолдардың ішіндегі ең қасиеттісі – дін жолы. Дін – адамды жақсылыққа жетелейтін, ақиқатқа бағыттайтын, өмірге мән беретін рухани бағдаршам. «Әл-Әнғам» сүресі, 153-аят: «Міне, осы – Менің тура жолым. Ендеше соған еріңдер. Басқа жолдарға ермеңдер, олар сендерді Алланың жолынан бөледі».Пайғамбарымыз ﷺ айтты: «Мен сендердің араларыңа екі нәрсе қалдырдым. Оларға берік болсаңдар, ешқашан адаспайсыңдар: Алланың кітабы (Құран) және менің сүннетім» (Имам Малик, «Муатта»).
Діннің басты мақсаты – адамды имандылыққа тәрбиелеу. Әрбір діннің түпкі өзегі – әділдік, мейірім, ізгілік. Осы құндылықтар арқылы адам өз жүрегін тазалап, қоғамда пайдалы тұлғаға айналады. Дінсіз өмір сүрген адам көбіне рухани жұтаңдыққа ұшырайды, ал діндар адам өз болмысын ізгілікке негіздейді. Қазақ халқы үшін дін – тек сенім ғана емес, рухани мәдениеттің өзегі. Ислам діні ғасырлар бойы халқымыздың салт-дәстүрімен біте қайнасып, адамгершілік қағидаларын нығайтты. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген даналық сөздер де имандылықтың негізі болып табылады. «Әл-Бақара» сүресі, 2-аят: «Бұл – күмәнсіз кітап. Ол тақуалар үшін тура жол көрсетуші». Пайғамбарымыз ﷺ айтты: «Шын мәнінде, дін – жеңіл. Кім оны ауырлатса, ол дінді көтере алмайды» (Бухари).
Дін – адамның жолы. Ол жол әркімді ар-ождан тазалығына, мейірімділікке, адал еңбекке, үлкенге құрмет пен кішіге ізет көрсетуге бастайды. Шынайы діндар адам ешқашан жамандыққа бармайды, өйткені дін оның жүрегіне тыныштық, өміріне мән, болашағына үміт сыйлайды.
Дін – адам өміріндегі ең маңызды рухани бағдар. Ол адамның ішкі дүниесін қалыптастырып қана қоймай, бүкіл қоғамның тыныштығы мен тұрақтылығына үлес қосады. Сондықтан да «Дін – адамның жолы» деп айту – үлкен ақиқат.
Азамат Балхожаев
Жамбыл облысы Жамбыл ауданы
«Бәйдібек» мешітінің найб имамы