Ұлттық ойындар – жастарды үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету, командалық жұмыс, адал бәсеке, төзімділік, сабырлылық сияқты қасиеттерге тәрбиелейді.
Ұлттық ойындардың сан алуан түрлері бар. Атап өтер болсақ: Ақ сүйек, тоғызқұмалақ, асық ату, көкпар, қыз қуу, бәйге, алтыбақан, күрес, жамбы ату, т.б. Әрбір ойынның өзіндік мақсаты, тәрбиелік мәні мен пайдасы бар.
1. Дене дамуына тигізер пайдасы
Көптеген ойындар қозғалысқа негізделген. Мысалы, көкпар, күрес, бәйге сияқты спорттық ойындар адамның ептілігін, жылдамдығын, күшін арттырады. Бұл ойындармен айналысқан жастар шымыр, қайратты болып өседі.
2. Ақыл-ойды дамыту
Тоғызқұмалақ – логикалық ойлауға, шешім қабылдауға баулитын ойын. Ол баланың ми жұмысын жетілдіреді, стратегиялық ойлауға үйретеді.
Асық ойындары дәлдік, зейін, есептеу қабілетін арттырады.
3. Тәрбиелік мәні
Ұлттық ойындар – үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету, командалық жұмыс, адал бәсеке, төзімділік, сабырлылық сияқты қасиеттерге тәрбиелейді. Мысалы, арқан тарту - күш пен бірлікті қатар дамыту, ұжыммен жұмыс істеу, жеңіске жетуге деген жігер қалыптастырады.
4. Ұлттық рухты қалыптастыру
Ұлттық ойындар арқылы жастар өз халқының тарихы мен мәдениетіне жақын болады. Ойындар – рухани мұра, ол арқылы ұлттық сана қалыптасады.
5. Қоғамдық қатынастарды нығайту
Ұлттық ойындар көбінесе ауыл-аймақтың басын қосатын үлкен мерекелерде ойналады. Бұл – қауымдастықты, бірлікті күшейтетін құрал. Ұлттық ойындар – халқымыздың ғасырлар бойы жинаған тәжірибесі мен даналығының көрінісі. Олар тек ойын емес, ұлттың тәрбиелік мектебі, ұлттық тәрбие құралы. Осы құндылықтарды жаңғырту – бүгінгі ұрпақтың міндеті.
Мектеп бағдарламасында ұлттық ойындарға көбірек орын беріп, қазіргі жастарды солар арқылы тәрбиелеу – болашақтың кепілі.
Жамбыл облысы Байзақ ауданы
Қосақ ауылы «Қосақ» мешітінің имамы
Бердалиев Мухит Ермаханович