Жалпақтөбе ауылы «Тұрғани» мешітінде жазғы демалыс кезеңінде ұйымдастырылған Құран сабағы өз мәресіне жетті. Жаз бойы қасиетті кітаптың аяттарын үйренген жас шәкірттер үшін қорытынды дәріс өтіп, олар алған білімдерін көпшілік алдында паш етті.
Игі шара барысында балалар Құран сүрелерін мәнерлеп оқып, ұстаздарынан алған тәлім-тәрбиесін көрсетті. Бұл – жас буынның рухани дүниесін байытып қана қоймай, ата-бабамыздан жеткен асыл дініміздің негіздерін бойына сіңіруге бағытталған қадам.
Алла Елшісі (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде:
«Кімде-кім Құранды оңай үйренген болса, мәртебелі оқушы (қари) атанады, ал кімде-кім қиындықпен мүдіріп оқыған болса, екі есе сауапқа ие болады» – деп атап өткен. Осы хадис бүгінгі шәкірттердің ынтасы мен табандылығына айқын дәлел бола түсті.
Жергілікті жұртшылық жас өрендердің ізденісін қуанышпен қабылдап, ата-аналар да мешіт имамдарына алғыстарын білдірді. Бұл игі бастама жыл сайын дәстүрлі түрде жалғасатыны айтылды.