Мәуліт мерекесінің құрметіне Меркі аудандық «Меркі ата» мешітінің асханасында ақ дастархан жайылып, Еламан Бақытханұлы Пайғамбарымыз (Алланың салауаты мен сәлемі болсын) турасында тағылымды сөз қозғады.
Игі іс-шара барысында Еламан ұстаз Аллаға мадақ, Пайғамбарға салауат айтып, Алла Елшісінің (Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өмірінен өнегелі насихат айтып, Пайғамбарымызды (Алланың салауаты мен сәлемі болсын) тануға, жақсы көруге, Оның өмір-тарихын оқуға, хадистерін жаттауға шақырды.
Еламан ұстаз: «Алла Тағала қасиетті Құранда: «(Уа, Мұхаммед!) Адамдарға: «Егер Алланы (шынымен) жақсы көрсеңдер, маған еріңдер. Сонда Алла Тағала да сендерді жақсы көріп, күнәларыңды кешіреді», – деп айт.
Алла – Өте кешірімді, Ерекше мейірімді», және тағы бір аятта: «Расында, Алла және Оның періштелері пайғамбарға (шексіз рақымын төгіп) салауат айтады. Уа, иман келтіргендер! Ендеше, сендер де оған шын жүректен салауат айтып, құрметпен сәлем жолдаңдар!» – деп айтқан. Демек құрметті жамағат сіз бен бізге Пайғамбарымызға еру, Оны жақсы көру, Оған салауат айту міндет екен. Пайғамбарды танумен, Алла Елшісін (Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жақсы көрумен біз екі дүниеде де бақытқа жетеді екенбіз. Ал Алла Елшісін (Алланың салауаты мен сәлемі болсын) танымау, Оның сирасын білмеу бізге сын болады.
Ардақты Пайғамбарымыз (Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сіз бен біздің дүние-ақыретте бақытты болуымыз үшін күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылып, «Осы үмметімнің ахуалы не болады екен?»-деп уайымдап біз үшін дұға жасап, соңғы демі шыққанша үмметін ойлап кетті.» - деп, жиналған жамағатты соңғы пайғамбар пайғамбарлардың төресі Алла Елшісінің (Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өмірін оқып, тануға насихаттады.
Меркі аудандық «Меркі ата» мешітінің баспасөз қызметі