Меркі ауданы, Қызылқыстақ ауылы «Әл-Карим» мешітінің жамағаты үшін үлкен қуанышқа айналған игі іс болды. Қасиетті Мекке қаласындағы Қағбаның жамылғысы – Кисуа мешітке арнайы сыйға тартылды.
Кисуа (الكِسوة) — Қағбаның жамылғысының атауы. Бұл – жыл сайын қажылық кезінде Қағбаға жабылатын қара матадан тігілген арнайы перде. Оның бірнеше ерекшеліктері бар:
Матасы: Қара жібек.
Жазуы: Алтын және күміспен кестеленіп, Құран аяттары жазылады. Ең айқын жазу – «Лә иләһа илла Аллаһ, Мұхаммадур Расулуллаһ».
Тарихы: Кисуаны жабу дәстүрі Ибраһим ғ.с. заманынан басталады деген риуаят бар. Исламнан бұрын да Қағбаға әртүрлі тайпалар кисуа жауып отырған. Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) заманында Қағбаға йемендік матадан кисуа жабылатын. Жыл сайын 9-зул-хижжада (Арафа күні) ескі кисуа алынып, жаңасы жабылады. Ескі кисуаның бөліктерін Сауд билігі мұсылман мемлекеттеріне сыйға береді немесе сақтайды.
Меркі аудандық «Меркі ата» мешітінің баспасөз қызметі