«Жүніс молда» мешітінде жамағатқа арналған «Отбасы және кәсіп» тақырыбында тәрбиелік мәні зор уағыз-насихат жүргізілді. Уағыздың негізгі мақсаты – отбасындағы бірлік пен берекені сақтау, адал кәсіптің артықшылығын түсіндіру, әрі ер мен әйелдің өз рөлін дұрыс атқаруына бағыт беру болды.
Шара барысында мешіттің дін қызметкерлері Құран аяттары мен Пайғамбарымыздың (с.а.у) хадистеріне сүйене отырып, мұсылманның өміріндегі отбасы мен кәсіптің орнына тоқталды. Уағызда мынадай тақырыптар кеңінен қозғалды: Отбасы – тәрбиенің негізі және тыныштық мекені; Ер азаматтың адал табыс табудағы жауапкершілігі; Әйел адамның отбасы ішіндегі орны мен міндеті; Адал кәсіп – ризықтың кілті және берекенің бастауы; Қазіргі қоғамда кәсіп ашудағы ниеттің тазалығы мен шариғат шеңбері.
Сондай-ақ, уағызда кәсіппен айналысуда әділ болу, өтірік пен алдаудан аулақ жүру, отбасын асырауда шариғат жолымен жүрудің маңыздылығы ерекше атап өтілді.
Жамағат тарапынан қойылған сұрақтарға нақты жауаптар беріліп, өмірлік мысалдар келтірілді.
Меркі аудандық «Меркі ата» мешітінің баспасөз қызметі