Палшылық, сиқыршылық деген не?

Палшылық, сиқыршылық деген не?

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Көріпкелдік – жынменен дос болып, одан сұрап білу және бұларды басқаларға айту деген сөз. Жын арқылы пал ашу және жұлдызнамаға қарап сұрағандарына жауап алу да осыған жатады. Бұларға және сиқыршыларға барып айтқандарына сену, айтқандары кейде дұрыс шықса да, Алладан басқаның барлық нәрсені білетініне және қалаған нәрсесін істей алатынына сену күпір болады. (Хадиқа)

Хадис шәрифте былай делінген: «Ырымға сенген, көріпкелдікпен айналысқан, көріпкелге барған, сиқырмен айналысқан, сиқыр жасатқан және бұларға сенген адам бізден емес. Құран кәрімге сенбеген болады.»(Бәззар)

Хазреті Ибн Әби Зәйд былай дейді: «Жынмен байланысқан дүмше тариқатшыға сену, адамды жыннан құтқарғанына сеніп оған ақы төлеу жаиз емес. Сиқырды (дуаны) қайтарған адамға да ақы төлеу жаиз емес.»

“Биргиуи өсиетнамасы” кітабында: «Кімде-кім “мен ұрланған, жоғалған нәрселерді білемін” десе, мұны айтқан адам да, бұған сенген адам да кәпір болады. Өйткені ғайыпты жын да білмейді. “Маған жын хабарлайды, сондықтан білемін” десе де кәпір болады. Өйткені жын да ғайыпты білмейді. Ғайыпты тек қана Алла та'ала біледі.» делінген.   
Жындар да ғайыпты білмейді

Қадизада мұны былай деп ашықтаған: «Ғайыпты Алла та'аланың уахи және илхам арқылы білдірген құлдары да біледі. Жын ғайыпты білмейді. Бірақ, жын “мен әулиеден естідім, мынадай екен” десе күпір болмайды. Әйтсе де, жындар өтірік айтатын болғандықтан, біз естідік десе де оларға сенбеу керек.  Аллаһу та'ала уахи жолымен пайғамбарларға ғайыпты білдіретіні секілді, илхам жолымен  әулиелерге және мүміндерге де білдіреді.»

Хазреті Ибн Абидин былай деген: «Сиқыр (дуалау) – ғылымға сәйкес келмейтін, жасырын себептер қолданып, әдеттен тыс нәрселерді жасауды талап ететін әрекеттер. Сиқырды үйрену және үйрету харам болып табылады. Мұсылмандарды зияннан қорғау мақсатымен үйрену де харам болады.»(Рәддул-мухтар)

Қайырлы (жақсы) істер жасау үшін де харам істеу (сиқырды (дуаны) қайтару үшін сиқыр жасату) жаиз емес. (Хадиқа)

Имам Раббани хазірет былай деген: «Сиқыр жасау күпірге ең жақын болған, ең үлкен күнә. Хадис шәрифте: «Мұсылман сиқыр жасамайды. Алла сақтасын иманы кеткеннен кейін сиқыр әсер етуі мүмкін.” деп бұйырылған»(3 том, 41 мәктуб)

Хазреті Имам Нәуәуи былай деген: «Сиқыр жасағанда күпірге себеп болатын сөз немесе әрекет болса, күпіршілік болады. Мұндай сөз немесе әрекет болмаса күнә болады»

Хадис шәрифтерде былай делінеді:

«Опатқа жетелейтін жеті нәрсенің бірі сиқыр» (Бұхари)

«Жіпке үрлеп түйіндеген адам сиқыр жасаған болады. Ал сиқыр жасаған адам Аллаға ширк қосқан болады.» (Нәсаи)

«Палшыға, сиқыршыға, көріпкелге барып олардың айтқандарына сенген адам Құран кәрімге сенбеген болады.» (Табарани)

«Сиқыршыға сенген адам жаннатқа кіре алмайды.» (И. Хиббан)

«Ғайыптан хабар беру мақсатымен жұлдыз ілімімен айналысқан адам, сиқыршы секілді күнәға батады.» (Ибн Мажә)

«Палшыға пал аштырған адам оның сөзіне сенбесе де қырық күн оқыған намазы қабыл болмайды.» (Мүслім)

«Пал ашу, жазу және сызу арқылы болашақтан хабар беру, пұтқа табынумен тең» (Әбу Дауд)

«Әйелімен күйеуін бір-біріне шақыстырған Алланың лағынетіне ұшырайды.» (Әл-Әнуар)

«Анамен баланың, бауырмен бауырдың арасын суытқанға лағынет болсын!» (Ибн Мажә)

«Көріпкелдік, палшылықпен табылған ақша харам болады.» (Бұхари)

«Адамды опатқа (құрдымға) жетелейтін мына жеті нәрседен сақтаныңдар:

1) Аллаға ширк қосу,

2) Сиқыр жасау, дуалау,

3) Адам өлтіру,

4) Пайыз жеу,

5) Жетімнің мүлкін жеу,

6) Жиһадта майданнан қашу,

7) Тұрмыстағы ар-намысты әйелге зина етті деп жала жабу.» (Бұхари, Мүслім)

Сиқыр адамдарды ауру етеді. Сүйіспеншілікке немесе жек көрініштікке себеп болады. Яғни денеге және рухқа әсер етеді. Сиқыр ең көп әйелдерге және балаларға әсер етеді. Сиқырдың әсері нақты емес. Дәрінің әсер етуі секілді. Аллаһу та’ала қаласа әсерін береді. Қаласа әсерін жаратпайды.

Олай болса «Сиқыршы сиқырымен қалаған нәрсесін істей алады, сиқыр міндетті түрде әсер етеді.» деген және осылай сенген адам кәпір болады. «Алла та’ала тағдыр еткен болса сиқыр әсер етуі мүмкін.» деу керек!

Сиқыр, дуалау әсер етпейді деп сеніп жүрмін, дұрыс па?  Дұрыс емес. Сиқыр әсер етуі мүмкін, бірақ міндетті түрде әсер етеді деу дұрыс емес. Сиқыр дәрі секілді, кейде әсер етуі мүмкін, адамды ауруға шалдықтырады. Кез келген дәрі де үнемі әсер ете бермейді, әсері болмаған кездері де болады. Яғни дәріге де, сиқырға да әсер ету қуатын беретін Алла та’ала. Алла та’ала әсер еткізбесе сиқыр да, дәрі де әсер етпейді.

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: