2025 жылғы 6 қыркүйек күні "Жүніс молда" мешітінде әйел жамағатына арналған "Әйелдің әлеуметтік желідегі әдебі" тақырыбында тағылымды уағыз-насихат айтылды. Шараның мақсаты – заманауи ақпараттық кеңістікте мұсылман әйелінің жүріс-тұрысы мен этикасын қалыптастыру, шариғат шеңберінде әлеуметтік желіні пайдалану мәдениетін түсіндіру болды.
Уағызды мешіттің ұстаздары жүргізіп, қазіргі қоғамдағы интернет пен әлеуметтік желінің ықпалына тоқталды. Әсіресе, мұсылман әйелінің ар-намысы мен әдебі, киім кию мәдениеті, сөйлеу мәнері мен өзін-өзі жариялау әдебі жан-жақты талқыланды.
Негізгі айтылған тақырыптар:
Исламдағы ұят, haya (хая) ұғымының мәні;
Бөгде ер адамдармен байланыс жасаудағы шариғат талаптары;
Әлеуметтік желіде сурет, бейне, пікір қалдырудағы жауапкершілік;
Уақытты тиімді пайдалану және бос сөзден аулақ болу;
Қоғамдағы әйел бейнесіне үлгі болу қажеттілігі.
Сондай-ақ, ұстаздар әлеуметтік желідегі кейбір теріс үлгілер мен жат әдеттердің рухани және отбасылық өмірге кері әсерін ескертті. Қатысушылар уағыздан көптеген пайдалы мәлімет алып, көкейде жүрген сұрақтарына жауап алды.
Шара соңында әйел жамағаты уағыз-насихаттың өзектілігін атап өтіп, мұндай рухани кездесулердің жиі өткізілуін тіледі.
Меркі аудандық «Меркі ата» мешітінің баспасөз қызметі