Мәуліт – Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) дүниеге келген айы. Бұл хижра күнтізбесі бойынша Рабиғул-әууәл айына сәйкес келеді. Ислам әлемі үшін аса қадірлі айлардың бірі саналатын Мәуліт айында бүкіл мұсылман үмбеті Алланың Елшісіне (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) деген сүйіспеншілігін білдіріп, салауат айтып, мәуліт кештерін өткізеді.
«Мәуліт» сөзі араб тілінен аударғанда «туылған кез» деген мағынаны білдіреді. Пайғамбарымыздың дүниеге келуі – адамзат тарихындағы ең үлкен жақсылықтың бірі. Сол себепті бұл ай мұсылмандар үшін ерекше рухани маңызға ие. Алла Тағала Құранда: «Сені ғаламға рахым етіп жібердік» деп, Мұхаммед пайғамбардың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) үмбетіне шапағат иесі екенін білдіреді.
Мәуліт айында мұсылмандар бір-біріне мейіріммен қарап, жақсылық істерге ұмтылады. Мешіттерде мәуліт оқылып, Пайғамбардың өмірі мен өнегесі туралы уағыз-насихаттар айтылады. Бұл – тек діни рәсім ғана емес, адамдарды ізгілікке, адамгершілікке, сабыр мен тақуалыққа тәрбиелейтін рухани іс-шара.
Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өмірі – мұсылман үшін ең биік үлгі. Оның әділдігі, кешірімділігі, қарапайымдылығы мен шексіз сабыры – бәрімізге өнеге. Мәуліт айында осы қасиеттерді еске алып, әр мұсылман өз бойындағы көркем мінезді дамытуға ұмтылады.
Мәуліт кештерінде Құран оқылып, салауаттар айтылып, халыққа насихат жүргізіледі. Сонымен қатар, мұқтаждарға көмектесу, садақа беру сияқты амалдар арқылы осы айды берекелі өткізу – сауапты іс.
Мәуліт айы – тек еске алу емес, Пайғамбардың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сүннетін өмірімізге енгізу, сонымен өмір сүруге талпыну уақыты. Бұл айда иманымызды жаңартып, жүрегімізді жұмсартып, ізгі амалдарға бет бұруымыз керек. Себебі, Пайғамбарға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) деген шынайы махаббат – оның айтқандарымен амал ету арқылы көрініс табады.
Қазіргі қоғамда имандылықты, сабырды, шүкіршілікті, кішіпейілдікті арттыру үшін Мәуліттің тәрбиелік мәні зор. Балалар мен жастарға Пайғамбардың өмірі жайлы айту, оның өнегелі жолын таныстыру – болашаққа рухани инвестиция.
Қорыта айтқанда, Мәуліт айы – мейірім мен берекенің, рухани жаңарудың, салауат пен сауаптың айы. Бұл айда Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) көптеп салауат айтып, оның сүннетін ұстануға талпыну – әр мұсылманның міндеті әрі мәртебесі.
Жамбыл облысы Байзақ ауданы
Байзақ ауылы «Тілеш қажы» мешітінің имамы
Абиров Рахымбек Кенжебайұлы