Бүгін қасиетті жұма күні облыстық «Һибатулла Тарази» мешітінде адамзаттың асыл тәжі, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) құрметіне Мәуліт жыры оқылды.
Мәуліт жырын ҚМДБ-ның Жамбыл облысы бойынша бас имамы Асқар Зәкіржанұлы, сондай-ақ қари Қасымжан Бектаев пен имам Ораз Баймаханов бірге оқып, мешіт жамағаты пайғамбарға деген сағынышқа толы салауаттар айтты.
Шара барысында Алла Елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өнегелі өмір жолы мен адамзатқа жеткізген тағылымды істері жайлы уағыз айтылып, көпшілік сүйікті пайғамбарымыздың шапағатына бөленуді тілеп дұға жасады.
Мешіт қабырғасын салауат пен мадақ кернеп, жамағат рухани нәр алып, жүректер иман нұрына толды. Жиналған көпшілікке мерекелік дастарқан жайылып, тәттілер мен құрма таратылды.
Мәуліт мерекесі осылайша мұсылман қауымының жүрегіне қуаныш сыйлап, сүйікті Пайғамбарымызға деген сағынышты еселей түсті.
«Һибатулла Тарази» мешітінің баспасөз қызметі