Ислам діні еңбекті қасиетті іс деп есептейді. Адал еңбек – мұсылманның басты міндеттерінің бірі. Құран Кәрімде:
«Адам баласына өз еңбегінен басқасы жоқ» (Нәжім сүресі, 39-аят) – деп айтылған. Бұл аяттан біз адамның жетістігі тек өз еңбегінің арқасында болатынын көреміз.
Пайғамбарымыз Мұхаммед те (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) адал еңбекке ерекше мән берген. Ол: «Ең жақсы ризық – адамның өз қолымен тапқаны» – деген. Демек, адал еңбекпен табылған табыс – ең абзал табыс. Исламда адал жолмен табыс табу – тек қана материалдық пайда емес, рухани тазалықтың да кепілі.
Еңбектің сауапты іс екендігі
Исламда еңбек ету тек дүние үшін емес, ақырет үшін де сауапты іс. Адал еңбек етіп, өз отбасын асыраған адам – Алланың разылығына бөленеді. Бір хадисте Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) айтқан: «Адал табыс табуға тырысушы – Алла жолындағы жиһадшы сияқты». Бұл сөз адал еңбек етудің діндегі мәртебесін көрсетеді.
Ал, керісінше, харам жолмен табыс табу – үлкен күнә. Арам табыс адамның берекесін қашырады, жүрегін қарайтады. Сондықтан Ислам әр мұсылманды адал еңбекке шақырады.
Адал еңбектің қоғамдағы рөлі
Адал еңбек – жеке адамның ғана емес, бүкіл қоғамның дамуы үшін маңызды. Қоғамда әр адам өз ісін адал атқарса, әділдік пен береке орнайды. Исламда әділетсіздік, ұрлық, жемқорлық қатаң айыпталған. Бұл туралы Құранда: «Бір-біріңнің мал-мүлкін әділетсіздікпен жемеңдер» (Бақара сүресі, 188-аят) – делінген. Бұл аят мұсылманды адалдыққа, әділдікке, еңбекқорлыққа тәрбиелейді.
Қазіргі замандағы еңбектің маңызы
Қазіргі заманда да Ислам қағидалары өзектілігін жойған жоқ. Адал еңбек еткен адам ғана қоғамда сый-құрметке ие болады. Білім алу да – еңбек. Оқыған, ізденген, адал кәсіппен шұғылданған мұсылман екі дүниеде де абырой табады.
Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) тағы бір хадисінде: «Күшті мұсылман – әлсіз мұсылманнан артық, әрі Аллаға сүйіктірек, десе де, екеуінде де қайыр бар» – делінген. Күш дегеніміз тек дене күші емес, білім мен еңбек арқылы жеткен қуат.
Исламда адал еңбек – иманның бір бөлігі. Адал жолмен табыс табу – мұсылманның міндеті. Арам жолмен байлыққа жету – харам іс. Сондықтан әрбір мұсылман «Адал еңбек – береке, харам табыс – кесір» екенін ұмытпауы керек. Құран мен хадистерде айтылған осы қағидалар біздің өмірлік ұстанымымыз болуы тиіс.
Серікбаев Ернұр Қойбекұлы
Жамбыл облысы Байзақ ауданы
Қостөбе ауылы «Қостөбе мешітінің имамы