Ораза – мұсылман үшін үлкен сауапты, мол берекелі ғибадат. Міндетті Рамазан оразасынан бөлек, Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) көп нәпіл оразалар ұстаған. Бұл – мұсылманды қосымша сауапқа жетелейтін амал.
Нәпіл оразаның түрлері
1. Дүйсенбі және бейсенбі күндері ораза Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Адамдардың амалдары Аллаға дүйсенбі және бейсенбі күндері ұсынылады. Сондықтан мен амалдарым оразалы күйімде ұсынылғанын қалаймын» (Әбу Дәуіт, Тирмизи).
2.Айдың тақ күндері – 13, 14, 15-ші күндері. Бұл күндері ораза ұстау «Сауму әййәмил-бид» деп аталады. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): Әр айда үш күн ораза ұстау – жыл бойы ораза ұстағанмен тең» деген (Бұхари, Мүслим).
3. Арафа күні (Зүл-хижжаның 9-күні). Бұл күні ораза тұтқан кісінің өткен және келер жылғы күнәлары кешіріледі (Мүслим).
4. Ашура күні (Мухаррам айының 10-күні). Бұл күні ораза ұстау – бір жылдық кіші күнәларға кәффарат (өтем) болады (Мүслим).
5. Шәууәл айының алты күні. «Рамазаннан кейін шәууәл айында алты күн ораза ұстаған адам жыл бойы ораза ұстағандай сауап алады» (Мүслим).
Нәпіл оразаның пайдасы
- Таухид пен тақуалықты күшейтеді;
- Нәпсіні тәрбиелейді;
- Денсаулыққа да пайдалы;
- Көркем мінезді қалыптастырады.
Қадірлі жамағат! Міндетті Рамазан оразасымен шектелмей, Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сүннетінде келген нәпіл оразаларды да қолға алайық. Бұл дүние мен ақыретімізге мол пайда береді.
Қасқыр Айдос Ерболұлы
Жамбыл облысы Байзақ аудандық
«Байзақ баба» мешітінің наиб имамы