Жақсының шарапаты – ұрпаққа аманат

Жақсының шарапаты – ұрпаққа аманат

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Халқымыз әманда ұрпақтың тәрбиесіне ден қойып, оның болашағына үлкен мән берген. «Жақсыдан шарапат, жаманнан кесапат» деген бабаларымыз  жақсы жандардың баталарымен ұрпағын тәрбиелеп өсірген. Жастайынан жақсының шарапаты дарып, жамандықтың кесапатынан алыс болсын деп тілек білдірген. Осындай ұлы мақсатты көздеген текті бабаларымыз құтты қонақ келсе, баланың аузына түкіртіп, батасын алу деген дәстүрді қалыптастырған. «Қонақтың жақсысы құт» деп, үйге келген қонаққа қуанған, шарапатын алуға асыққан текті халықпыз.

         Ертеде қол бастаған батырларға, сөз саптаған билер мен ақындарға, туралыққа жол нұсқаған ізге кісілерге, батагөй қазыналы қарияларға баласының аузына түкіртіп алатын болған.  Мұндай үрдіс қазіргі заманда да жалғасын тауып келеді. Түкіргенде оның жәй ғана ырымы жасалады. Мұндағы мақсат – бала бойына тектілік дарып, батырлығымен, шешендігімен, ділмарлығымен, көсемдігімен өнегелі жолда жүрсін дегеннен туындаған қазақи құндылық. Мұндағы құндылық – ұрпақты тәрбиелеу, жақсының жолын жалғау.

         Ата-бабаларымыз Алланың әміріне итағат ете отырып, ұрпақ тәрбиесіне бей-жай қарамаған халық. Құран Кәрімде: «Уа, иман келтіргендер! Өздеріңді және отбасыларыңды отыны адамдар мен тастан болған оттан (тозақтан) құтқарыңдар», -дейді. («Тахрим» сүресі, 6-аят). Аталған аяттағы «құтқару» сөзі өте үлкен маңызға ие. Саңлақ сахаба Хазіреті Әли (Алла оған разы болсын): «Оларға  ғылым-білім үйретіп, әдепке баулыңдар», -деп түсіндірген екен. Сол сияқты ғалым Хасан әл-Басри: «Аллаға мойынсұнуға бұйырып, ізгілікті үйретіңдер», -деп аяттың мәнін ұғындырған. Аяттың түйінінен балаға берілген әдептілік пен ізгіліктің өмірдің бір жаманшылығынан сақтайтындығын аңғарамыз.

         «Адам ұрпағымен мың жасайды» деген дана халқымыз. Өкшесін басып, ізінде қалатын ұрпағының дұрыс тәртіппен, көркем әдеппен, тектілікпен өсуін қалаған бабалар жақсы қасиеттерді ғасырдан-ғасырға рухани-мұра етіп қалдыра білген. Жас баланың аузына түкірту де дүниеде жамандық көрмесін, салиқалы перзент болсын деп бар тәлім-тәрбиесін беріп өсірген. Бабаларымыздың елге танымал, ұлы тұлғалардың батасын алып, баласының аузына түкіртуі ұрпағына сол кісінің жолын берсе деген ниеті. Сондықтан мұндай дәстүрдің сыртқы әрекеті емес, ішіндегі тәрбиесіне терең қарағанамыз жөн. Яғни жас ұрпақты тәрбиелейтін бірден-бір қайнар көз осындай дәстүр-әдеттерімізде жатыр. Сол үшін мұны тәрбие құралы ретінде бағалаған жөн.

          Күш алыбы Қажымұқан Мұңайтпасұлы  жайынды білмейтін қазақ жоқ шығар. Қажымұқанның кіндік баласы атанған Рахат ағамыз «Қазақстан» ұлттық телеарнасына берген сұқбатында атаның өзінің аузына түкіргендігін айтады. Әкесі Барыс пен анасы Ақбөпеде бұған дейін бала тоқтамай, шетіней берген екен. Рахат туғанда да әке-шеше аңырай жаздапты. Сол бір Шәуілдір топырағында өткен шілдехана кезінде сәбиді қатты сырқат қысқан. «Сол уақытта Қажымұқан келіп, батасын беріп, дамбалға мені екі-үш  рет салып, сосын көйлегін шешіп, орап, әкеме  «балаң өлмейді, тойыңды бастай бер»,- деген екен. Сол жерде отырған кемпір-шалдар, дәрігерге дейін бәрі таңғалған. «Пырылдап барып, ұйықтап кеттің, содан күліп ояндың», -деп еске алып айтқан екен анасы. Көрер жарығы бар екен, сөйтіп, сәбиді дәрігердің инесі емес, палуанның жейдесі құтқарып қалады. Аузына түкіріп, балаға Рахат деп есім береді. «Менің жасыма жет!» - деп бата қылған екен.

         Сол секілді дінімізде де, балаға жасалатын жақсы бір үрдіс бар. Оны – тахник деп атайды. Тахник дегеніміз баланың таңдайын тәтті нәрсемен сүрту. Тахник жасату сүннет болып табылады. Шайналған құрманы баланың аузына салып, таңдайын уқалап, сүртеді. Ал мұндай істі салиқалы, көпті көрген, аузы дуалы жандарға жасататын болған. Мұның өнегелі көрінісін Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өмірінен көруге болады. Сахабалар сәбилі болса, перзентін Алла Елшісіне (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) апарып, тахник жасататын болған. Сахаба Әбу Мұса әл-Ашғари (Алла оған разы болсын) өзінің ұлы туылғанда оны Пайғамбарымызға (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) апарады. Ардақты Пайғамбарымыз (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) сәбидің есімін Ибраһим деп қойып, құрмамен таңдайын уқалап, өміріне береке тілеп, дұға жасайды. Сол сияқты сахаба Әбу Талханың ұлы туылған кезде де, бірнеше құрманы шайнап, сосын оны нәрестенің ауызына салып, таңдайын сүртіп, есімін қойған.

         Сондықтан елге сыйлы, оқымысты кісілерге сәбидің ауызына түкіртіп алудың ешқандай оқасы жоқ. Бұл ертеден келе жатқан игі дәстүр. Мәселен, елге белгілі ғалым, филология ғылымының докторы, профессор Бейсенбай Кенжебаевтың да аузына ақын, қазақ әдебиетінің жарық жұлдызы Мағжан Жұмабаев түкірген екен.

         Ұрпақ - ата-анаға аманат. Оның тәрбиесі бәрінен жоғары тұрады. Қазақ халқы ұрпақты жан-жақтан жетілдіріп, салт-дәстүрлердің аясында тәрбиелеп өсірген. Сондықтан мұсылман халқы ұрпақтарын жағымсыз, жаман әдеттерден арылтып, ұлылардың жақсы қасиеттерін бойына жиып өсіруді қалайды.

  Қуаныш Түзелбеков

Рысқұлов ауданының бас имамы

 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: