Меркі аудандық «Меркі ата» мешітінде жас әкелерге арналған тағылымды семинар ұйымдастырылды. Іс-шара «Әке – отбасының тірегі» тақырыбында өтті.
Семинар барысында Жамбыл облысы бойынша «Дін мен дәстүр» бағытына жауапты Ғайырфулла Әмірбеков: «Ислам діні отбасынан басталады. Әр әке өзінің отбасына, бала-шағасына имандылықты үйретіп, дұрыс тәрбие беруге міндетті, әрі ер адам отбасына жауапты. Себебі Пайғамбарымыз (Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Сендердің әрқайсыларың бақташысыңдар (жауаптысыңдар) және сендердің әрқайсыларың баққандарыңа жауап бересіңдер...» - деген. Ең алдымен тәрбиені өзімізден бастауымыз керек, себебі бала көргенін істейді. «Әйеліңе балаң жоқ жерде ақыл айт, балаңа адам жоқ жерде ақыл айт» - деп бекер айтылмаса керек, осы орайда отбасымызды даналықпен дұрыс тәрбиелеуіміз қажет» - деп, әкенің отбасындағы орны мен жауапкершілігі жайында насихат айтты.
Жас әкелер өз ойларын ортаға салып, сұрақтарына жауап алды. Шара соңында қатысушыларға рухани тұрғыда пайдалы кеңестер беріліп, отбасы құндылықтарын нығайтуға шақырылды.
Меркі аудандық «Меркі ата» мешітінің баспасөз қызметі