Барлық мақтау мен мадақ бүкіл әлемнің Раббысы Аллаға болсын. Пайғамбар Мұхаммедке (с.ғ.с) сансыз сәлемдер мен салауаттар болсын.
Асыл дінімізде ата-ананың балаға деген тәрбиесі жоғарғы орынға қойылады. Ардақты Пайғамбарымыздың с.ғ.с хадисінде: “Сендердің ең жақсыларың - отбасына, әйел, бала-шағасына жақсы қарағандарың. Ал сендердің араларыңда отбасына ең жақсы қарайтыны - менмін” деген. Осы хадисте отбасына жақсы қарап, бала-шағаға жақсы тәрбие беру керектігі айтылып тұр. Осы істің үлгісінің биік шыңын Пайғамбарымыз Мұхаммед с.ғ.с көрсетіп кеткен еді. Келесі бір хадисте: “Біліп қойыңдар! Сендердің барлығың бақташысыңдар, бәрің де қарамағыңдағыларға жауаптысыңдар. Әмірші (басшы) - қармағыңдағы адамдарға жауапты, ер кісі - өз отбасына жауапты, ал әйел күйеуінің үйіне және баласына бақташы әрі солардан сұралады” делінеді. Сондықтан барлығымыз өз қарамағындағыларымызға Алла Тағаланың құзырында жауап беретіндігіміз анық. Сол үшін де әке балаға жақсы тәрбие беруі алдыңғы қатардағы мәселе.
Әділетті патшалардың біріне шағым айтып, бір пақыр келеді. Пақыр: Уа әмірші, менің ұлым бар еді. Ол мені тыңдамайды. Соған қандай шара қолданасыз? Маған көмегіңізді беріңіз дейді. Патша пақырдың баласын шақырып, мән-жайды сұрайды. Бала әкесіне ренжіп, патшаға: бұл кісі менің әкем, бірақ өзінің міндеттерін дұрыс орындамады. Біріншіден маған дұрыс ана таңдамады. Екіншіден маған мағынасыз есім қойды. Үшіншіден маған дінді үйретпеді деп қарсы шағым айтқан екен. Әділетті патша екеуінің шағымдарын тыңдап болған соң, әділ үкім шығарған екен.
Осы қиссадан ұғатын нәрсе, баланың ата-ана алдындағы міндеттері секілді, ата-ананың балаға қатысты міндеттері бар. Сол міндеттерді шама-шарқынша түгендеп, балаларымызға жақсы тәрбие беруіміз қажет екен. Алла Тағала баршамызға салиқалы отбасылардың қатарынан болуды нәсіп еткей! Әмиин!
Әбікеев Сәбит Арманұлы