Адам байлығы - денсаулық

Адам байлығы - денсаулық

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Адамның басты байлығы – денсаулық. Денсаулық – адамның ең қасиетті де құнды, қайталанбас, жоғалса қайта орнына қиындықпен келетін, орнытолмас асыл қазынасы. Денсаулығымыз жақсы болу үшін салауатты өмір салтын қалыптастырудың маңызы зор.

Тәуелсіз мемлекетіміздің тірегі болар жас ұрпақтың дені сау болса ғана биік шыңдарға қолы жетері, халқына қызмет етері даусыз. Кез келген елдің болашағы – оның халқының денсаулығына байланысты екендігі – дәлелдеуді қажет етпейтін шындық. Ал біздің болашақтағы бағытымыз – салауатты өмір салты. Біреулер  денсаулықты әсемдікпен, әдемілікпен байланыстырады. Енді біреулер үшін денсаулық — күш-қуат, ерік-жігер, салауатты ой сана. Тағы бір топ ағзадағы сырқат белгілерін айта бастайды. Шындығында, біздің денсаулығымыз қоршаған ортамызға, тыныс-тіршілігімізге тікелей байланысты. Асыл дініміз исламда денсаулыққа қатысты тамаша ғибратқа толы хадистер мен аяттар бар.

Ардақты пайғамбарымыз денсаулықтың негізгі кепілі тазалықта екендігіне баса назар аударып, осы жайлы көптеген хадистерінде айтқан. Онда денсаулықты басты байлық ретінде бағалаудың маңыздылығын айтқан. Алла Елшісі өз хадисінде: (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) «Ауырмай тұрып денсаулығынды бағала» - деп саушылықтың мәнін терең түсіндірген.

Қасиетті Құранда Мәйдә сүресінің 5-аятында «Ей, мүминдер! Алла Тағала сендерге ауыртпалық қаламайды. Ол сендерді таза болуларыңды және шүкіршілік етулерің үшін сендерге нығметтерін тамамдауын қалайды» - деп дені сау болудың кепілін, сонымен қатар денсаулық, ғұмыр берген Ұлы Жаратушыға шүкірлік етудің маңызын айтады. Денсаулықты қорғау, сақтану туралы: «Олар сақтық шараларын қамтамасыз етіп, қарулансын», - деп, Алла Тағала «Ниса» сүресінің 102-аятында айтады.

Денсаулық – біздің бақытымыздың ажырамас бөлігі, онсыз өмірді толыққанды түсіну мүмкін емес. Өзіміздің физикалық жағдайымызды өз-өзінен болып жатқан дүниедей қараймыз да тек ауырып қалғанда ғана оның қадірін түсіне бастаймыз. Денсаулық  – бұл Алла Тағаланың бізге берген мейірімі мен нығметі, соның арқасында ғана біз толықтай бақытты болып, лайықты түрде құлшылық жасай аламыз. Физикалық, эмоционалдық және рухани денсаулық бір-бірінен ажырамайды, біреуі ауырса екіншісі де ауырады немесе, керісінше, рухани денсаулықтың нығаюы физикалық денсаулықтың жақсаруына әсер етеді. Бәрін тегіс қамти алатын Алла Тағаланың мейірімі мынадай – пенделерінің пешенесіне жазғаны олар үшін қайырлы болып табылады әрі өмірдің әр саласында пайда береді. Мүміннің әрбір амалы, сондай-ақ, денсаулық та, оған пайда мен сауап әкеледі. Исламда бар дүниелердің бәрі де жан-тән, ақыл-санаға пайдасы бар, мүмін оны қаншалықты көп орындайтын болса, соншалықты оның денсаулығы да, иманы да мықты болады.

Яғни әр адам Алланың берген байлығы өз денсаулығына өзі жауапты екендігін айтып, өзін мейілінше қорғасын деп ескертеді. Қасиетті Құранға қайшы келмейтін емдеу жолдарын қолдануға шақырады. Хадистерде: «Ауруды жаратқан Алла сол ауруға емді де қоса жаратқан. Әй Алланың құлдары емделіңдер!» - делінген. Және Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Мына бес нәрсе келместен бұрын бес нәрсенің қадірін біл: ауру келместен бұрын денсаулықтың, жұмысбасты болмастан бұрын бос уақыттың, қартаймастан бұрын жастықтың, кедей болмастан бұрын байлықтың, өлім келместен бұрын өмірдің», - десе, тағы бір хадисте: «Адамдардың көбі қадіріне жете бермейтін екі нығмет бар, ол – денсаулық және бос уақыт», – деген.

Денсаулық зор байлық!

Ата-бабаларымыз «Бірінші байлық - денсаулық», «Тазалық саулық негізі, саулық байлық негізі» деген. Денсаулықсыз ештеңе істей алмаймыз. Дүние мен ақырет бақыты осыған байланысты.

Дені сау кісі әлемдегі ең бақытты жан. Өмірдегі басқа бақыттылықтар одан кейін келеді. Денсаулықтың арқасында біз өзіміздің, жанұямыздың, отанымыздың, халқымыздың, бүкіл адамзаттың және Раббымыздың алдындағы міндеттерімізді ең лайықты түрде, шын көңілімізбен атқара аламыз.

 

Балхожаев Азамат аудандық

«Бәйдібек» мешітінің найыб имамы

 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: