Жамбыл облыстық «Һибатулла Тарази» медресе-колледжінің түлектеріне диплом табыстау рәсімі өтті. Арнайы рәсімге облыстың бас имамы Асқар Зәкіржанұлы, ұстаз Нұрәлі Бақытұлы, медресе-колледжі директорының орынбасары Исатай Оразов және жергілікті ұстаздар қатысты.
Рәсім Құран аяттарын оқумен басталды. Салтанатты жиында сөз алған облыстың бас имамы Асқар Зәкіржанұлы түлектерге жүрекжарды лебізін білдіріп, оларға дін жолындағы адал қызмет пен елге пайдасы тиетін ілім нәсіп етуін тіледі. Сонымен қатар, ұстаз Нұрәлі Бақытұлы мен Исатай Оразов та түлектерге батасын беріп, олардың алған білімдерін амалда қолдануға, қоғамда үлгілі болуға шақырды.
Іс-шара барысында үздік оқыған шәкірттерге арнайы марапаттар мен алғыс хаттар табысталды. Түлектер де өз тараптарынан ұстаздарына алғыстарын білдіріп, рухани ордада алған білім мен тәрбие үшін ризашылықтарын жеткізді. Салтанатты кеш соңында естелік суреттерге түсіп, түлектер жаңа өмірге қадам басты.