2025 жылдың маусым айынан бастап Тараз қаласындағы «Наметбай» мешітінде қыз балаларға арналған «Имани жаз – 2025» өз жұмысын бастады. Игі бастама шілде айының соңына дейін жалғасады.
Діни сауат ашу курсына қатысушы қыздар Құран әліппесі мен тәжуид ережелерін меңгеріп, күнделікті дұғаларды үйренуде. Сондай-ақ Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с) өмірбаяны мен ислам әдебі жайлы тағылымды дәрістер тыңдауда. Оған қоса, тәрбиелік ойындар, танымдық сабақтар, қолөнер мен ісмерлікке баулитын іс-шаралар қыз балалардың қызығушылығын арттырып отыр.
Мешіт ұстаздарының айтуынша, бұл лагерьдің басты мақсаты – жас ұрпақтың жазғы демалысын тиімді пайдаланып, рухани әрі адамгершілік тұрғыдан дамуына ықпал ету. Сонымен қатар, діни сауатын арттырып, өмірлік құндылықтарды бойына сіңіруге жағдай жасау.
Шәкірттер тек білім алып қана қоймай, жаңа дос тауып өзара қарым-қатынас жасауды, бір-біріне сыйластықпен қарауды да үйреніп жатыр. Бұл — болашақ аналар үшін өте маңызды өмірлік сабақ.
Сабақтар күн сайын белгіленген кестеге сай өтуде. Қыздардың белсенділігі мен білімге деген ынтасы ұстаздар мен ата-аналар тарапынан жоғары бағаланып отыр.
Тараз қалалық «Әулие ата» мешітінің баспасөз қызметі.