Дінге үлкен сеніммен келгенмен үйретушісі дұрыс болмаса, ол адамның жалпы дін жолынан, сонымен қатар Қазақстан мұсылмандарына тән жолдан ауытқып кетуі өте оңай. Қазақстан мұсылмандары сунниттік, оның ішінде Ханафи мәзһабын, Матуриди ақидасын ұстануымен және жергілікті ғұрыпқа да көңіл бөлуімен ерекшеленеді. Қазақ жерінде ислам ұлттық мәдениетіміздің қалыптасуында өзіндік зор үлес қосып, халықтың күнделікті әдет-ғұрып, салт - дәстүріне терең сіңіп кетті.
Қазіргі таңда тәуелсіз мемлекетіміздің дамушы және дамыған елдерден ерекшелігі – қоғамдағы діннің нығаюы мен елдегі діни ахуалдың тұрақты болуы. Біздің мемлекетіміз көпұлтты, демократиялық мемлекет болғандықтан, дін мәселесі жөнінде барлық азаматтарға қай дінге кіруіне, қандай дінде болуына еркіндік берілген. Осыған орай, еліміздің жарқын болашағын қалаушы жас ұрпақтарымыздың санасын улап жатқан жат ағымдардың мән-мағынасын, әсер ету жолдары мен тигізер зияндары да аз емес.
Қазіргі кезде жастар мұндай діни ағымдардан өте сақ болуы керек. Себебі мұндай діндерге кірген адам қайтадан шығуы өте қиын. Өйткені өздеріне тәуелді етіп, адам санасын тереңінен улайды. Осыған орай Гродиково ауылы «Арынғазы» мешітінің ұстазы Малик Унгарбаев ауыл тұрғындарының әсіресе жастардың кешкі бос уақытын барынша тиімді пайдалану әрі діни сауаттылықтарын ашу мақсатында ақшам дәрістерін жалғастыруда.
Жамбыл аудандық орталық мешітінің баспасөз қызметі