ХХ ғасырдың басында қажылық мәселесі қазақ баспасөзінде жиі көтерілген тақырыптың бірі болды. Атап айтқанда, «Қазақстан», «Қазақ» газеттері мен «Айқап» журналында қазақ қажыларының хал-жағдайы тұрақты түрде баспасөзде жазылып тұрды. Сол дәуірдің оқырмандары осы мақалалар арқылы қажылық науқанына қатысты барлық мағлұматтан хабар алып отырды. Қажылық тақырыбын көтеруде, қазақ қажыларының жағдайынан хабар беруде «Қазақ» газеті басқаларға қарағанда оқ бойы озық тұрды. Оны «Қазақтың» сарғайған парақтарынан анық аңғара аламыз.
«Қазақ» газетінің 1913 жылғы №13 санында «Қажы сапарын жеңілдету турасында» деген мақала жарияланған. Мақалада қажылардың қауіпсіздігін сақтау мақсатында үкімет жариялаған қажыға бару тәртібі жайлы аз-кем ақпарат берген. «Жаңа тәртіп бойынша, қажы паспортты қай жерден болса сол жерден алуға болады, параход билеті бару-қайтуға біржолата алынатын болады. Турда карантин уақытында қажылардың мұқтажын ескеріп тұратын Ресей хүкіметінің өкілі болмақшы» деп жазады («Қажы сапарын жеңілдету турасында», №13, 8 мамыр, 1913 жыл). Алайда бұл тәртіп, әсіресе билет алу мәселесі қажыларға ұнай қоймаған. Себебі бару-қайту билетін біржола алған кезде жүк тиеп, кемені күттіріп, қажыларды әбден әуреге салған. Сол себепті қажылар сапарды жеңілтетудің басқа жолын ұсынған. Сондай-ақ қажылар паспорт алу құнының қымбат екеніне де шағымданған. Ол кезде Құдысқа баратын орыстар пастортқа – 50 тиын, ал мұсылмандар Меккеге бару үшін паспортқа 18 сом төлеген. Айырмашылығы жер мен көктей. Шынында бұл Патша үкіметінің мұсылмандарға жасаған әділетсіздігі болатын.
Газеттің №23 санында «Қажы жолы» деген мақала жарияланған. Мақаланың кіріспесінде: «Қазақтан қажыға барушылар көп, қажы жолының жөнін білетіндер аз болады. Қазақтың қазіргі қажы жолында жүргенде көрген күні жан ашырлық: отарбаға, параходқа малша қамау, жолда түскен шаһарларында малша иіру, барып-қайтқанша қажы жолы қазаққа тұтқынмен айдау. Өз еркімен жүру, өз еркімен тұру жоқ. Айналасы алдау мен арбау. Неше түрлі тәлімдер қазақ қажыларын қоршап, қамап, жем қылу. Бұл сөзді жазғандағы мақсұт: қажы жолының қазаққа қазіргі жайсыздығын айтып, жайлы боларлық жағын қажыға барушылардың құлағына салмақшымыз», – дей келіп («Қажы жолы», №23, 23 шілде, 1913 жыл), қажыға барғанда нені ескеру керек екенін оқырманға тәпіштеп тұрып түсіндірген. Мақалада екі мәселеге арнайы тоқталған. Біріншісі – жолға алатын нәрселер. Екіншісі – қажы жолына керек нәрселер. Одан ары қайда һәм қалай жүру керек екенін жақсылап баяндайды: «Стамбұл арқылы жүргенде екі жол бар: бірі – теңізбен, екіншісі – теміржолмен. Теміржолмен жүргенде Мәскеу, Варшава һәм Веналатып жүріп, Стамбұлға барады. Теңізбен жүргенде Одессадан шығып, Стамбұлға барады. Теміржолмен жүргенде Мәскеуден Стамбұлға алты күнде жетеді. Жүз жиырма сом жол расходы. Одессадан Стамбұлға теңізбен күн жақсы болса 23 сағат жүріс. Параход билеті – төрт сом», – деп нақты мәліметтер береді. Теміржолмен барудың жолы ұзақ әрі ақысы да жоғары. Содан болар біздің қажылар көбіне теңіз арқылы баруды жөн көрген. Алайда теңіздің де өз қиындығы бар. Кеме мініп көрмеген қазақтар жолда ырғалып-шайқалып, арып-аршып Одессадан Стамбұлға қиналып жеткен. Мақалада Одессадан тура Жиддаға жеткізетін кемелер де болғаны айтылады. Алайда қазақтар ол кемеге мінуді жөн көрмеген. Стамбұлда қажылар қонақүйлерге аялдап, Осман банкінен ақша айырбастап, ары қарай Меккеге жеткен.
Сонымен қатар «Қазақ» газетінде қажылардың жағдайы туралы да қысқа-нұсқа ақпарат беріп отырған. Мәселен, газеттің №25 санында: «Темір уезі Жем болысы 5-ауылдың қазақтарынан Жолмұхамед ишан Құрымбаев өзінің он шақты жолдастарымен бірге Орынбор арқылы өтіп, қажыға кетті», – деп жазса (1913 жылғы 25 шілде), №41 санында: «Торғай уезінің қажылары 5 декабрде Орынбор арқылы елдеріне қайтты, тегіс аман», – деп (1913 жылғы 8 желтоқсан) қажылардың жағдайынан хабар беріп отырған. Әрине, ұлы сапар кезінде қайғылы оқиғалар да аз болмаған. Газеттің №25 санында бұл жайында: «Ақтөбе уезі Қарақопа болысынан биыл қажыға кеткен Ажығұл деген кісіні Одессаға жетпей жолда отарба басып өлтіріпті, жолдастары Одессаға барған соң жоқтапты», – деп жазылған (1913 жылғы 25 шілде).
Қажылардың қауіпсіздігі Алаш зиялыларын да алаңдатқан. Сол себепті «Қазақ» газеті авторларының бірі, кейін Түркістан һәм Алаш үкіметтерінде басшылық қызмет атқарған Мұхаметжан Тынышбаев қазақ қажыларына арнап кітап жазбақ болған. Бұл жайында «Қазақ» газетінің №43 санында «Қажыларға жолбасшы» деген қызық ақпарат жарияланған.
«Инженер Мұхаметжан мырза Тынышбаев жыл сайын қажыға қазақтан есепсіз көп кісі баратындығын, бұлай жол ретін білмей көп бейнет һәм шығынға ұрынатындығын, қандай параход һәм отарбалар қай уақытта жүретіндігін, қай жолдың төтелігін білмегендіктен көретін қиыншылықтарын еске алып қажыларға жеңілдік һәм пайда келтіру үшін «Қажыларға жолбасшы» деген қазақша бір кітапша шығаруға уағда берді, апрел ішінде жазылып бітсе керек» деп жазылған мақалада («Қажыларға жолбасшы», №43, 22 желтоқсан, 1913 жыл). Тынышбаевтың қажыларға арнап кітап жазуға бекінуі қазақ зиялыларының қажыларға қандай құрметпен қарағанын аңғартады. Алайда бұл кітап сол күйі жарыққа шықпаған сыңайлы. Олай дейтініміз газеттің 1914 жылғы №69 санында: «...Бұл кітап биыл шықпайтын болды. Себебі, биыл Ресейдің күллі теміржолдарының орысша официалны жолбасшы кітабы Петербордағы баспаханасында жұмысшылар забастовке жасап, жұмыс қылмағандықтан басылмай қалған. Қазақ қажылары үшін шығарылатын жолбасшы кітапты онысыз жазуға болмайды», – деп кітаптың шықпау себебін түсіндірген. Одан кейінгі сандарда кітап туралы мәлімет берілмеген. Соған қарағанда Мұхаметжан Тынышбаевтың «Қажыларға жолбасшы» кітабы сол күйі жарыққа шықпаған секілді.
Серікбол ХАСАН,
«Мұнара» газеті, №10, 2025 жыл