Жамбыл облысы Байзақ ауданының бас имамы Қанат Әділханұлы Кеңес ауылдық мәдениет үйінде ауыл тұрғындарымен кездесіп, «Қазақ дәстүрінде қаралы үйдегі ас» тақырыбында насихат айтты.
Қанат Әділханұлы насихатында: «Қазақ қаза болған адамды жөн-жоралғысын жасап, қадірлеп шығарып салған. Алайда соңғы кезде салтқа емес, салтанатты дастарқанға көбірек көңіл бөлетін болдық.
Қаралы үйде үш күн бойына қазан көтеріп, ас пісірмеген. Адам қаза болғанда ерекше құрмет көрсетіп, оның аманатын орындауға тырысады. Алайда аза тұтып отырған үйде ас та төк дастарқанның жайылуы молдаларды да алаңдата бастады. Тіпті қаралы үйдің жайған дастарқан мәзірінде болуы тиіс тағамдар тізімін де жасап қойды», - деп дәстүрге сай үш күнге дейін қазан аспау, қонақ асын бермеу, көрші-қолаңдардың аза тұтып отырған отбасына жәрдемдесуі және бейшембіліктерді әсте-әсте тоқтату мәселелері қозғалып, ауыл ақсақалдары ойларын ортаға салды.