Жақсылық жасау – жүректен, ал қайырымдылық – адамзаттың ең асыл қасиеттерінің бірі. Осы ұстанымды ұран еткен Шу ауданының Төле би ауылында “Жақсылық ексең, қайырын көрерсің” атты кезекті игі іс-шара ұйымдастырылды.
Игі істің ұйытқысы болған ауыл кәсіпкерлерінің бастамасымен бір бас өгіз сойылып, етін мұқтаж 20 отбасыға үлестірді. Сонымен қатар, тұрмысы төмен отбасыларға күнделікті қажетті азық-түлік себеттері де таратылды.
Іс-шара барысында “Төле би” мешітінің имамы Талғат Кәрібайұлы жиналған жамағатқа әсерлі уағыз айтып, жақсылық жасаудың рухани және адамгершілік тұрғысынан маңызына тоқталды.
“Қайырымдылық жасау – ол Алла Тағаланың құзырында үлкен сауап. Мұқтаждың жанынан табылып, қолдау көрсету – мұсылманның негізгі қасиеттерінің бірі. Бұл тек дүниелік көмек емес, бұл жүрекке жылу, адамшылықтың белгісі”, – деді өз сөзінде бас имам.
Білікті дін маманы ауыл азаматтарына, соның ішінде демеушілік танытқан кәсіпкерлерге алғысын білдіріп, олардың ісіне береке тіледі. Сонымен қатар, ауыл тұрғындары да бұл игі бастамаға ризалықтарын айтып, баталарын берді.
Айта кету керек, қайырымдылық көмегін алған отбасылардың үйіне жеткізу мен жол ақысын да демеушілер өз мойындарына алып, шараның әрбір кезеңін үйлестіріп отырды. Бұл да болса, тек азықпен емес, ықыласпен жасалған көмектің үлгісі.
Мұндай сауапты амалдар – тек көмек алушыға емес, бүкіл қоғамға үлкен үлгі. Бұл шара арқылы ауыл халқы бірлік пен ынтымақтың, бауырмалдық пен мейірімділіктің не екенін тағы бір мәрте сезінді десекте болады.
Шу аудандық “Жәми” мешітінің баспасөз қызметі.