Бүгін күллі әлем мұсылмандары үшін аса қадірлі Құрбан айт мейрамының алғашқы күні. Қазақстанның барлық аймағында айт намазы оқылып, жұртшылық қасиетті күннің берекесін сезініп жатыр. Тараз жұртшылығы да облыстық орталық «Һибатулла Тарази» мешітіне жиналып, айт намазын оқыды.
Таң намазынан кейін мешіт ішінде қасиетті Құран аяттары оқылып, ел ықыласпен тыңдады. ҚМДБ-ның Жамбыл облысы бойынша бас имамы Асқар қажы Зәкіржанұлы жамағатқа Құрбан айттың мән-маңызы туралы терең мағыналы уағыз айтып, елдің бірлігі мен берекесін тілеп, ақ тілегін арнады.
Таңғы сағат 6:00-де мешітке жиналған жамағат ұйып Құрбан айт намазын оқыды. Құлшылық етуге келген халықтың қарасы қалың болғаны соншалық – Тараздың ең үлкен мешітіне ине шаншар орын қалмады. Айт намазы кезінде жамағат бір ауыздан тәкбір айтып, Алланы ұлықтаған дауыстар мешіт ауласын жаңғыртып тұрды.
Намаздан кейін облыс бас имамы жамағатпен бірге еліміздің амандығы мен берекесі үшін шынайы ықыласпен дұға жасады.
Құлшылықтан соң айттың негізгі амалы – құрбан шалу рәсімі басталды. Ниет еткен тұрғындар арнайы белгіленген қасапханаларға барып, шариғат талаптарына сай құрбандықтарын шалмақ.
Ұлттық рухты ұлықтайтын Құрбан айт мейрамы халқымыздың бауырмалдығы мен бірлігін бекемдейтін ерекше күн. Осындай берекелі сәттерде өткен мен бүгінді сабақтастырып, ұрпаққа үлгі боларлық рухани тәрбие берілуде.
Ақерке БЕКҚҰЛОВА
«Һибатулла Тарази» мешітінің баспасөз қызметі