Қайғыны бөліссе, азаяды

Қайғыны бөліссе, азаяды

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

«Жан бар жерде қаза бар» - дейді. Өлім қашан да хак. Қазақ салт-дәстурлерінде берік сақталған ғұрыптың бірі азалы отбасыға көңіл айтып бару. Бұл қайғыдан қиналған отбасы мүшелерін шын күңілден жұбату болып табылады. Ең алдымен қаза ет жақындарына естіртіледі. Естіген ағайындар келіп, көңіл білдіріп, басу айтады. Көңіл айту кісінің дүние салып, жан тапсырған уақытынан басталады. Ағайындығы, жақындығы, туыстығы, қуда-жекжаттығы бар әрбір жан бір-бірінің қуанышын бөліскені секілді, қайғысына ортақтасып бірге көтеріседі. «Қайғыны бөліссе, азаяды» деп бекер айтпаған. Ерте заманнан келе жатқан көніл айту дәстуріне берік болған халқымыз мұны мойнындағы парызы жене қарызы деп білген.

Текті бабаларымыз «Көрген жерде көңіл айт, көңілі қалмасын», «Көңіл көрген жерде» деп көңіл айтудың маңыздылығын үнемі ұрпақтарына айтып, тәрбие беріп отырған. «Көңіл көңілден су ішеді» деген де нақыл бар. Көңіл айтудың негізгі мақсаты - дүниеден өткен марқұмга иман байлығын тілеп дұға ету, артында қалған жақындарына басу айту, қайырлы өмір тілеп, жаралы көңілге демеу болу. Азалы үйге көңіл айту - имандылықтың, адамгершіліктің үлгісі болып табылады.

Қазақ үшін қазақтың орны бір бөлек. Қазақ халқында қайтыс болған адамның жақындарымен көрісіп, көңіл айту міндет саналады. Көңіл қосын білдіріп келген ағайындар азалы уй иелеріне басу айтып, оларды көркем сабырға шақырады. Көңіліне медеу болар сөз айтады. «Қазаның арты қайырлы болсын, иманды болсын, қалғандарыңа өмір берсін, топырағы торқа, жатқан жері жайлы болсын» - деген дұғасын айтып, «Өлгеннің соңынан өлмек жоқ», «Тірі адам тіршілігін жасайды» деп жаралы көңіліне жылы сөзбен дем береді. Өмірдің жалған, өткінші, адамдар бір-біріне конақ екенін еске салып, ақыреттің мәңгілігін айтады.

Қазақ халқы қара сөзбен, өлеңмен, тіпті ділмар шешендігімен де көңілқосын жеткізген. Бірде Байдалы би Уәлидің кіші әйелі Айғанымға келіп: «Үміт, сенім, тілек бар, қуантып, қуат алдырар. Жылау деген азап бар, қуартып отқа жандырар. Мен кайғыңды қозғағалы келгем жок, қайратыңды қолдағалы келдім», - деп көңілін білдіріп, жубатқан екен. Байдалы би жылатпай, осындай қанатты сөзімен тоқтау айтқан екен.

Асыл дініміз де қиналған жанның қасынан табылуға үндейді. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Мұсылмандар бір-біріне бауырмалдықта, мейірімділікте, қарым-қатынаста бір бүтін дене іспеттес. Егер оның бір ағзасы ауырса, қалганы ұйқысыз және ыстығы көтерілуінде онымен бірге болады», - деген. Қуанғанмен қуанып, қиналғанмен қинала білу - бауырмалдықтың, мейірімділіктін көрінісі. Дінімізде қазалы жандардың қасынан табылып, қайғысына ортақтасу, қолдан келгенше жылы сөзбен демеп, қолғабыс көрсету, ауыртпашылыққа сабыр крсетуін сұрау – Пайғамбарымыз (оған Алланын салауаты мен сәлемі болсын) көрсетіп берген сүннет амал. Адамзаттың асылы болған Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) көңіл айтушының дәрежесін былай баяндайды: «Басына түскен кайғы үшін бауы-рына көңіл айтушы муминді Алла Тагала қиямет күні абыройлы киіммен киіндіреді» (Ибн Мәжа).

Қайтыға ортақтасып келген ағайын-туыстар азалы отбасыға бар жақсы сөзімен демеу көрсетіп, еңселерін тіктеуге сеп болар көңілқосын айтып отырған. Жылаған отбасыны жақсы сөзбен жұбата білген. Аза тұтқан әулет те қарақұрым ағайынның, жылы сөзінен жұбаныш тапқан. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Алла Тағала бір мумин кісінің қайғысын сейілткен жанның қиямет күнгі қайғысын сейілтеді», - деп айткан.

Қайғының емі көңілқос айту. Қай уақытта да «аттан жығылса да, салттан жығылмайтын» халықпыз. Салт-дәстүрді бекем ұстап, ағайындықты сақтаған елміз. Көңіл айту - жақындыктың, жанашырлықтың, сыйластықтың белгісі болып қала береді.

  Қуаныш Түзелбеков

Т.Рысқұлов ауданы бас имамы

 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: