Ұмыт болып бара жатқан дәстүрлердің бірі «Ақыл» (Әңгіме)

Ұмыт болып бара жатқан дәстүрлердің бірі «Ақыл» (Әңгіме)

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Айлардың сұлтаны – Ораза айы бітіп, исі мұсылман Айт мейрамын тойлап, бір-бірінің үйіне айттап, қал-жағдай сұрасып, емен-жарқын болып жатқан кез болатын. Біз де жылдағы өзіміздің бұрыннан қалыптасып келе жатқан дәстүр бойынша көше болып бір-біріміздің үйлерімізге кіріп, айттап жүрміз. Көшемізде үлкен үй болып саналатын Совет атаның (біз ол кісіні Дәу тәте деп атайтынбыз, өзі бір-екі жыл бұрын қайтыс болған) шаңырағында отырғанымызда, сол үйге аталас ағайын болып келетін Мұрат аға баласы екеуі айттап келді. Амандық-саулықтан кейін баласы әдемі қырағатымен Құран оқып, Мұрат аға Совет атаның рухына Құран бағыштап, дұға жасады.

Мұрат аға мен баласының іс-қимылы мен сөздеріне қарап, бір жаққа асығып отырғандарын байқауға болатын. Айтқандай-ақ, Совет атаның жұбайы Майкөн ападан рұқсат сұрап, дастарханға бата жасап, орындарынан тұруға әрекет жасай бастады. Совет атадан кейінгі көшеміздің қариясы Жұман көкеміз:

– Иә, Мұрат, ештеңе айтып, қал-жағдай сұрасып үлгермей жатып кетуге асыққаныңа жол болсын. Бір-бірімізді күнде көріп жатқанымыз жоқ, отырып кішкене әңгіме айтпадың ба? – деп, асықпай отырып, әңгіме айт дегендей емеурін танытты.

Мұрат аға сол асыққан күйі:

– Аққұм ауылына баруымыз керек еді. Аталас ағайын Дулат көкеміздің үйіндегі Кенже жеңгеміздің өмірден өткеніне келе жатқан мамыр айында бір жыл болады. Соған ұл-қыздары жақын ағайындарды ас беретін уақытты және басқа да жұмыстарды ақылдасу үшін шақырған еді. Айт намазынан шыққаннан кейін туыстардың үйіне ертерек кіріп, айттап шығайық деп, ағайындарды аралап жүрген жайымыз бар. Әлі айттайтын бір-екі үйіміз бар, сол шақырған жерге кешікпей барсақ деген мақсат еді. Айып болмаса, бізге рұқсат беріңіздер. Өздеріңіз асықпай әңгіме айта жатарсыздар. Алла амандық берсе, әлі талай бас қосып, талай әңгіменің тиегін ағытармыз, – деп, рұқсат сұрап, баласы екеуі үйден шығып кетті.

Сәл үнсіздіктен кейін Жұман көке Совет атаның жұбайы Майкөн апаға қарап:

– Сіздер де сонда баруға асығып отырған шығарсыздар. Біз де батамызды беріп, орнымыздан тұра берсек, рұқсат болса, – деді. Майкөн апа:

– Иә, біз де қазір Жандос баламның көлігімен сонда барамыз. Баратын кезде Жандос өзі айтар. Қай уақытта барамыз десе де мен дайынмын. Оған дейін әңгіме болсын. Ағайынның арасын үзбей байланыстырып отыратын осы "ақыл" деген дәстүріміз соңғы кезде ұмыт болып бара жатыр еді. Кенже абысынымның ұл-қыздары осы дәстүрді қайта тірілтіп, жан бітіріп жатыр екен – көп рақмет! Естігенде кәдімгідей қуанып қалдым, – деп сөзін аяқтады.

Жұман көке Майкөн апаға қарап:

– Қатты асығыс болмасаңыз, мен осы төңірегінде өзімнің бір-екі ойымды айтып жіберсем. Мына отырған жастар да естіп-біліп жүрсін. Мүмкін, осы жастар арқылы сіз айтып күйініп отырған дәстүріміз тіріліп, жан бітірер. Сіздің күйініп отырғаныңыз өте орынды. Ол күйініш барлығымыздың өзегімізді өртейді. Бұған өзіміз кінәліміз бе, әлде өмірдің ағымы солай ма – білмедім. Бұрындары қандай да бір ас-той болсын, барлығында үйдің егесі бір-екі ай бұрын бүкіл ағайын-туысты шақырып, бір қойын сойып, дастарқанын жайып, үйіне қонақ етіп, өзінің жасайтын тойы болсын, марқұмның жылдық асы болсын – не жасайын деп жатса да сол жерде өзінің не үшін ағайынды жинағанын айтып, ойын ортаға салатын. Сол жерде барлығы ақылдасып, ас-тойдың уақытын белгілеп, әрқайсысына сол кезде атқаратын жұмыстарды бөліп беріп, бір үйдің баласындай барлығын атқарып тастаушы едік.

Той болатын болса, әр үстелді бөліп беретін. Сол үстелдің барлық ыдыс-аяғын, басқа да жабдықтарын өзі дайындап, бар жауапкершілікті мойнына алып, абыроймен атқарып шығатын. Ол кезде қазіргідей дайын үстелдер жоқ. Әр үйден тақтайлар жинап, кілемдер алып, ешкім ешкімге ренжімей, ойнап-күліп жүріп, барлығына үлгеріп, қандай жұмыс болса да шаршамай атқарып тастаушы едік.

Бұл "ақыл" деген, сіз айтқандай, ағайынның арасын байланыстырып тұратын алтын көпір қызметін атқарумен қатар, ауызбіршілікті арттырып, жастарға ынтымақ пен сыйластықты көрсететін тәрбиелік мәні бар дәстүр еді. Ал қазір, өзіңіз айтқандай, алыс ағайын емес, бірге туған бауырлар да ешкіммен ақылдаспай, барлығын өз отбасында шешіп қояды. Үйіне шақыру қағазы келіп тұрғанда бір-ақ естіп-біліп жатасың. Бұл да заманға қарай қалыптасып келе жатқан үрдіс шығар. Бірақ жаңағы жоғарыда айтқан ынтымақтың бәрі жоғалып, "бәрін өзім шешемін" деген өзімшілдік белең алып, ағайынды өзекке тебетін заман қалыптасып келе жатқан жоқ па деген ойға қаласың.

Ата-бабамыздан қалған әрбір салт-дәстүр, әдеп-ғұрыптың өзіндік мән-мағынасы бар. Осыны ойласаң, өзегің өртенеді. Оған өзіміз кінәліміз бе, әлде дәстүрлеріміз заман ағымына ілесе алмай жатыр ма – білмедім, – деп сөзін аяқтады.

Біз де үй иелерінің қолын байламай, баратын жерлеріне ертерек барсын деп, Жұман көкенің дастарқанға берген батасынан кейін орнымыздан тұрып, келесі үйге айттауға кеттік.

Менің ойымнан жаңағы Жұман көкенің айтқан сөздері кетпей қойды. Біз өзіміздің асыл құндылықтарымызды өзіміз дәріптеп, насихаттамасақ, кім насихаттайды? Өзіміздің ұлттық құндылықтарымызды ұлықтамасақ, басқа біреуге келіп-кетері не? Өзінің ұлттық құндылықтары болмаса, қандай ұлт болып қалыптаспақпыз? Ұлттың ұлт екенін көрсететін – әр ұлттың өзінің ұлттық құндылықтары емес пе?

Онда біз неге осы уақытқа дейін қаймағы бұзылмай келген салт-дәстүр, әдеп-ғұрыпты 20-30 жылдың ішінде тастанды бала құсап, өз үйінің терезесінен ішке сығалап қарап тұратындай күйге жеткіздік? Бұл – үлкендер айтып, күйініп отырған бір ғана ұмытылып бара жатқан дәстүр. Бұндай кенжелеп ұмыт қалып бара жатқан дәстүрлерімізді саусақпен санасақ, он саусағымызды бірнеше рет бүгіп санар едік.

Осы бір әңгімені басқалар да біліп, өзіміздің ұлттық құндылықтарымыздың ішінде кенжелеп, қынынан суырылмай, тот басқан қылыштай ұмыт бола бастаған "ақыл" дәстүрімізді келешек жастар біліп жүрсін деген мақсатта қағаз бетіне түсірдім.

 Зұлфұхар  Түзелбаев

Жамбыл облысы, Талас ауданы,
Бостандық ауылы, «Төртбай ата» мешіті

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: