Астана қаласында өткен «Қазақ даласындағы дәстүрлі ислам құндылықтары» атты VI Республикалық имамдар форумы аясында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының 35 жылдық мерейтойлық медалімен еліміздің бірқатар дін қызметкерлері марапатталды.
Аталмыш марапат ҚМДБ-ның 35 жылдық торқалы тойына орай, ел ішінде діни-ағартушылық бағытта табанды еңбек етіп, дін мен дәстүр сабақтастығын ұрпақ санасына сіңіруге өлшеусіз үлес қосып жүрген имамдарға деген зор құрметтің белгісі ретінде табысталды.
Салтанатты рәсімде ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы марапат иелеріне шынайы алғыс білдіріп, қоғамдағы рухани тұрақтылық пен халықтың діни сауатын арттыру жолында жасап жатқан еңбектерін жоғары бағалады.
Айрықша атап өтерлігі, осы жиында Жамбыл облыстық "Һибатулла Тарази" мешітінің наиб имамы Ғалымбек Жапек те Бас мүфтидің қолынан мерейтойлық медаль алды. Бұл — өңір дін қызметкерлерінің жауапты міндеттерді абыроймен атқарып жүргенінің айғағы.
– Бұл марапат — үлкен сенім мен жауапкершілік. Ел аманатына адал болу, халқымыздың рухани дүниесін байыту жолында қажырлы қызмет ету – біздің басты борышымыз, – дейді Ғалымбек Жапек.
Айта кетейік, мұндай марапаттар алдағы уақытта да дін мен қоғам арасындағы алтын көпір болып жүрген имамдарға табыстала бермек.
"Һибатулла Тарази" мешітінің баспасөз қызметі