Бүгін Астана қаласында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен «Қазақ даласындағы дәстүрлі ислам құндылықтары» атты VI Республикалық имамдар форумы өз жұмысын бастады.
Ауқымды шараға Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат вице-министрі Қанат Жұмабайұлы, ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, Ғұламалар кеңесі мен Сарапшылар кеңесінің мүшелері, медресе-колледж және қарилар орталықтарының директорлары, еліміздің әр өңірінен келген 1000-ға жуық имам онлайн және офлайн форматта қатысуда.
Форум барысында дәстүрлі ислам бағытындағы рухани құндылықтарды дәріптеу, діни кадрлардың кәсіби біліктілігін арттыру, имамдардың біртұтас ұстаным аясында жұмыс істеу мәселелері сөз болды. Сондай-ақ, форум аясында қабылданатын тұжырымдамалар мен құжаттар дін саласындағы өзекті бағыттарға жол ашпақ.
Аталған форумға Жамбыл өңірінен ҚМДБ Жамбыл облысы бойынша бас имамы Асқар Зәкіржанұлы бастаған облыстық "Һибатулла Тарази" мешітінің наиб имамдары Ғалымбек Жапек, Әбжаппар Әмір, Нұрлан Мұрат және Мешіт істері жөніндегі меңгеруші Халид Қожахметов арнайы барып қатысты.
Ал Тараз қаласының бас имамы Ержан Аманбаев бастаған өңір имамдары форумға онлайн форматта қосылып, рухани жиынға қолдау білдірді.
Имамдар форумының басты мақсаты – біртұтас діни ұстанымды сақтау, қоғамда діни тұрақтылықты нығайту, діни қызметкерлердің білімі мен жауапкершілігін арттыру. Осындай ауқымды басқосулар ел ішіндегі діни татулық пен рухани бірліктің нығаюына үлкен серпін беретіні анық.
"Һиатулла Тарази" мешітінің баспасөз қызметі