Жамбыл аудандық «Бәйдібек» мешітінің бас имамы Дәурен Құттыбаев Айшабибі ауылындағы мешіт жамағатына жұма уағызын айтып, «Намазды мешітте оқудың артықшылығы» тақырыбын кеңінен түсіндірді.
Алла Тағала әмір еткен бес уақыт намаз – мұсылманның рухани тірегі, ал оны мешітте жамағатпен оқу – иманның көрінісі. Бас имам уағызында намазды жамағатпен оқудың сауапты тұстары жайлы хадистермен дәлел келтірді. Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Кімде-кім азаншыны ести тұра ешқандай үзірі болмастан мешітке жамағатқа бармаса, оның жалғыз оқыған намазы қабыл болмайды» деген. Сондай-ақ, «Үйінен дәрет алып, мешітке қарай бет алған жанның әрбір қадамына күнәсі кешіріліп, дәрежесі көтеріледі» деген сүйінші хабарын жеткізген.
«Намаз – жәннаттың кілті, мешіт – берекенің мекені. Мешітке қарай басқан әрбір қадам – сауапқа толы сапар» дей келе, имам жамағатты Алланың үйін көркейтіп, парызын жамағатпен өтеуге, ауызбіршілік пен ынтымаққа үндеді.
Жайна Бекназарова
Жамбыл аудандық «Бәйдібек» мешітінің баспасөз қызметі


01 Ақпан 2026
13 Шаабан 1447

