Жамбыл облысы Тұрар Рысқұлов ауданы Қорағаты ауылдық мешітінің молдасы Нұрдәулет Исаұлы ауыл тұрғындарымен кездесіп, «Дін мен дәстүр» тақырыбында уағыз-насихат айтып, исламға сай ата салт-дәстүрімізді жаңғыртуға шақырды.
Ауыл имамы өз сөзінің басында былай деді: «Қазақ халқының мұсылмандық діни түсінігі, шешендік сөздері, діни-дастандары, мақал-мәтелдері, кешегі жыраулар поэзиясы мен би-шешендердің нақыл сөздерінің мазмұнына да көз жүгіртсек, әрине, аят-хадистерге барып тірелетініне және рухани құндылықтарымен негізделуіне куә боламыз. Алаш ардақтысы Ахмет Байтұрсынұлы бір сөзінде былай деген екен: «Қазақтың өлеңді сөзді сүйетін мінезін біліп, дінді халыққа молдалар өлеңмен үйреткен. Дін шарттарын, шариғат бұйрықтарын өлеңді хикая, өлеңді әңгіме түрінде айтып, халықтың құлағына сіңіріп, көңілдеріне қондырған».
Шынымен де «Алла атымен бастадым сөз әлібін, жарылқаған, жаратқан, бір тәңірім», – деп сөз бастаған Жүсіп Хас Қажыб Баласағұни бабамыз бастап, бергі сөз бастаған жырау, шешендеріміздің ешқайсысының аузынан Алласы түспеген. Абай Хәкімнің: «Алланың, Пайғамбардың жолындамыз, ынтамызды бұзбастық иманымыз», – деуінің өзі қазақ халқының қандай жолды ұстанғандығын анық көрсетуде.
Қуаныш Түзелбеков
Рысқұлов аудандық мешіттің баспасөз қызметі