«Тазалық – иманның жартысы» дейді Пайғамбарымыз (с.ғ.с). Бұл хадис – әрбір мұсылманның санасына сәуле құйып, жүрегіне иман ұялатар ұлы ұстаным. Көктеммен бірге жаңарып, түрленіп жатқан табиғаттай, адам баласының да айналасын тазалап, жан дүниесін жарқырата түсуі – ізгі амалдың бір көрінісі.
Осы орайда, елімізде ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында, Жамбыл облысының орталық “Һибатулла Тарази” мешітінде тазалық шарасы өтті.
Шараға Жамбыл облысының Бас имамы Асқар Зәкіржанұлы бастап, мешіт қызметкерлері, имамдар мен медресе-колледж шәкірттері жұмыла кірісті. «Көп түкірсе – көл» демекші, бір кісідей атсалысқан көпшілік мешіттің ауласын тазалап, қоршаған ортаны көркейтуге барынша үлес қосты.
Жас көшеттер отырғызылып, мешіт маңы жасыл желекке оранды. Көгалдандыру жұмыстары – айналаны абаттандыру ғана емес, табиғатқа деген құрметтің белгісі. «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген бабалар сөзі де осындай игі істердің мәнін айқындай түседі. Мешіт ауласы толық тазаланып, іргетастар боялды.
"Һибатулла Тарази" мешітінің ұжымы осындай игі амалдарды тұрақты түрде жалғастырып, жамағатты да тазалыққа, тәртіпке, ұйымшылдыққа шақырып келеді.
Таза орта – тату қоғамның кепілі. Таза жүрек – тұнық ниеттің белгісі. Ал бірлікте басталған іс – берекеге бастар жол.
"Һибатулла Тарази" мешітінің баспасөз қызметі