Астана қаласында «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының ұйымдастыруымен «Қазақстан жастары – 2025» ұлттық баяндамасының құрылымын талқылауға арналған кеңейтілген жиын өтті. Басқосуға мемлекеттік органдардың, саяси партиялардың, ғылыми және үкіметтік емес ұйымдардың, жастар бірлестіктерінің өкілдері қатысты.
Кездесу барысында баяндаманың жаңартылған құрылымы таныстырылып, жастар саласындағы өзекті мәселелер талқыланды. Атап айтқанда, көші-қон үдерістері, жастардың әлеуметтік-экономикалық қауіпсіздігі, сондай-ақ NEET санатындағы (білім алмайтын, жұмыс істемейтін) жастардың қажеттіліктерін зерттеу бағыттары назарға алынды.
Аталған іс-шараға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Жастар ісі секторының меңгерушісі Бағыжан Ерболатұлы қатысып, баяндама құрылымына қатысты өз ұсыныс-пікірлерін білдірді. Сектор меңгерушісі еліміздің жастарына рухани тәрбие берудің маңыздылығына тоқталып, ҚМДБ-ның бұл бағыттағы жұмыстары жайлы да мәлімет ұсынды.
Айта кетейік, «Қазақстан жастары» ұлттық баяндамасын «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы 2013 жылдан бері жыл сайын әзірлеп келеді. Бүгінде аталған баяндаманың 12 шығарылымы жарық көріп, еліміздегі жастар саясатының дамуына өз үлесін қосып келеді.