ҚМДБ Төрағасының орынбасары, наиб мүфти Ермек Қасболатұлы «Халал Даму» мамандарына кезекті жиын өткізді. Басқосуға «Халал Даму» директоры Айбек Асқарбекұлы, ұжым мамандары мен жергілікті өкілдер қатысты.
«Бас мүфти хазіретіміз халал саласы бойынша бірнеше тың бастамаларды қолға алып, саланы одан әрі дамытуға айрықша мән беруде. Атап айтқанда, аймақтардағы инспекторлар мен мамандардың біліктілігін арттыру, отандық және шетелдік әріптестік байланыстарды кеңейту, стандарттар мен талаптарды жетілдіру, сондай-ақ, халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жандандыру сынды бағыттарда нақты тапсырмалар берілді. Осы орайда, бүгінгі басқосуымызда әріптестерімізбен тәжірибе алмасып, өзара пікір бөлісіп, жаңа жобалардың бағыт-бағдарын айқындау – үлкен мүмкіндік деп білемін», – деген наиб мүфти күн тәртібіндегі негізгі мәселелерді көтерді.
Күн тәртібінде айлық тексеріс жұмыстарын жүйелі түрде өткізуді қадағалау, кәсіпорындарда санитарлық-эпидемиологиялық тазалық шараларын жақсарту, ақпараттық-насихат шараларын күшейтіп, кәсіпорындарды «QMDB Halal» стандарты бойынша жұмыс жасауға шақыру мәселелері талқыланды.
«Бүгінгі жиынымыз да болашақтағы жоспарларымызды жүйелеп, бағдарымызды белгілеу мақсатында ұйымдастырылып отыр. Біз үшін сан емес, сапа маңызды. Алайда, күнделікті қолданыстағы, халыққа қажетті халал өнімдер санын арттыруымыз қажет. Сол себепті өңірлердегі кәсіпорындар санын көбейтіп, ақпараттандыру шараларын нығайтатын боламыз», – деп қорытындылады Айбек Асқарбекұлы.