Тәрбиелі нәпсі.

Тәрбиелі нәпсі.

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 
« ... Сен де сүй Ол - Алланы жаннан тәтті»
Абай Құнанбайұлы

Алла Тағала: «Бейнеленген қара балшықтың кеуіп, сыңғырлағанынан адам жаратамын. Оған жаратылысын тәмамдап, Рухымнан үрлеген (жан салған) сәтте, оған сәжде қылыңдар», - дейді Құран Кәрімде. (Хыжыр сүресі, 28-29 аяттар).


Жаратушы Ие Рухын үрген кезде сыңғырлап кепкен адам бейнесіндегі қара балшыққа жан бітіп, алғашқы пайғамбар әрі алғашқы пенде - Адам (ғ.с) өмірге келді. Араб тілі сөздіктерінде «жан» - «нәфс (нәпсі)» деп аударылады. Денедегі нәпсінің қызметі - ағза қажеттілігін өтеп, дене тіршілігі мен қозғалысын қамтамасыз ету. Тек осы мақсат үшін Раббымыз, сыры мен жаратылысы Өзіне ғана мәлім рухани нәрсені біздің денемізге орналастырып қойған. Сондықтан тіршілік қажеттілігі үшін нәпсі қалауына ерік берілген. Тәкәппарлық, үстемдік, реніш, күйзеліс, жалқаулық, қызғаншақтық, қаскөйлік, зұлымдық, қулық-сұмдық, ашкөздік сияқты жиіркенішті әдеттер мен қорқыныш, тәубе, қанағат, қуаныш, шаттық, мейірім-шапағат, рахымдылық, сүйіспеншілік секілді ішкі күй де нәпсі қалауының нәтижесімен болып жатады. Сондықтан адамның бүгінгі тіршілігі ғана емес, сондай-ақ, келесі, о дүниедегі өмірі де нәпсі тәрбиесіне тікелей қатысты болмақ. Әрине, ең жетілген тәрбие бұлағы Алла Тағаланың сөзі - Құран Кәрім мен Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадис шәрифтеріндегі бұйрықтар, тыйымдар, нұсқаулар мен ақыл-кеңес екендігі дау туғызбас. Яғни, Ислам ілімі қашаннан тәрбиенің кінәратсыз кілті болып, қоғамның иманды азаматтарын қалыптастыруда теңдессіз қызмет атқаруда.


Сондықтан нәпсі тәрбиесі Ислам ғылымында ежелден-ақ негізгі тақырыптарының бірі болып келеді. Біз бүгінгі әңгімеде нәпсінің адам өміріндегі негізгі мақсатына тоқталмақпыз.
Құран Кәрімде нәпсіні алты түрге бөліп сипаттаған.

 

1. НӘФС ӘММАРО (жамандыққа бастаушы, ұрындырғыш нәпсі). Құран Кәрімде: «Нәпсімді ақтамаймын, расында жамандыққа бұйырады. Бірақта Раббым мархабат етсе ол басқа. Раббым өте жарылқаушы, ерекше мейірімді» - деген түрде берілген. /Юсуф сүресі, 53-аят./ Адам баласының жасайтын ең ауыр жамандақтары мен күнәлары нәпсінің осы деңгейінде көрініс береді. Ежелгі, бар өмірін тек үстемдікке арнаған қаншама залым патшалар мен ферғауындар, жер бетінен жойылып кеткен қаншама зұлым қауымдар, ал бүгінде шариғат талаптарын мүлде мойындамайтын, Ислам тамырына аса зардапты, ластыққа біткен жиіркенішті уларын сіңіруге әрекет етіп жүрген теріс ниеттілер нәпсінің осы түрінің ықпалындағылар. Күн өткен сайын қолқаға қол салып, тынысты бітеген жаһандану әсері адамзатты арсыздық иіріміне тарта түсіп, құрдымға итеруде. Мұндайларды: «Рас, тозақ үшін де көптеген жын, адамдар жараттық. Олардың жүректері бар, алайда олар онымен түсінбейді. Және олардың құлақтары бар, ол арқылы естімейді. Олар хайуан тәрізді, тіпті одан ары адасуда. Міне солар мүлде қаперсіздер», - деп сипаттайды. (Ағраф сүресі, 179-аят).

 

2. ЛӘУУӘМИЙ НӘФС. (сөгіс беруші нәпсі). Бұл нәпсі Құран Кәрімде былайша көрсетілген: «Жоқ, сөгіс беруші нәпсіге ант етемін. ... Бірақ адам баласы, күнәні жалғастыра бергісі келеді». (Қиямет сүресі, 2, 5 аяттар).


Нәпсінің бұл түрі де, Жаратушы Ие тарапынан келетін сөгіске лайық. Күнәнің қай түрінен болса да бас тартпай, жалғастыра беруді қалыпты тіршілікке айналдырған адамдарға тән нәпсі. Нәпсінің бұл деңгейінде, пенде оның ықпалынан шығып кете алмағанымен, иманға бет бұра алады. Бұған мысал, атеистік идеолгия қаншалықты тәрбиелегенімен мүмкіндік туа сала, көптеген отандастарымыздың тәубеге келгені. Өйткені олар: «Ол құлдарының тәубесін қабыл етеді де күнәларын кешеді. Әрі не істегендерін жақсы біледі» - деген Жаратушы Иенің уәдесінен үмітті. (Шура сүресі, 25-аят).
Адамдар қателіктерімен бірге жаратылған, барлығы да қателесіп жатады. Сондықтан Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Адам баласының бәрі де қателеседі. Қателік жасаушылардың ең жақсылары - тәубеге келушілер» - екенін ескертіп кеткен.

 

3. НӘФС МУЛҺИМӘ. (сендіргіш, иландырғыш нәпсі). Біздегі көбейіп кеткен «емшілер» мен бал ашып «көріпкелдік» жасап, күн көріп жүргендер осы нәпсінің ықпалындағылар. Олардың ішінде, бірі «Мен - соңғы пайғамбармын» десе, бірі «Көктен түскен Иса масихпын, немесе жерден шыққан Мәдімін» деп шалықтап жүргендері де бар. Өздерін мұсылманбыз деп көрсеткенімен іс-әрекеттері Исламға жат «Ахмадия», «Бақаи» топтары да осылардан.


 «Ата жолы», «Аққу» сияқты адастырушы топтар Ислам ғибадаттарынан жұрдай, Раббысына құлшылық жасаудың не екенін білмейді. Мұндайлардың алдап-арбауына сеніп қолындағы барды беріп, елбе-делбе болып шұбап жүргендер бүгінде аз емес.


Сендіргіш нәпсі белгілері қоғамда түрліше көрініс тапқан. Әсіресе, өзіне-өзі қол салу сияқты ауыр күнәға иман қуатын бойына сіңіре алмаған жастар жиі кездесуде. Әлсіз иманның салдарынан, бір себептермен күйзеліс тапқан нәпсі оларды, «осы сәтте өлім ең тиімді жол» деп сендіреді. Нәпсінің мұндай иландыруына балауса көңіл ғана емес, буыны қатқан ересектердің де бой алдырып қалатыны өкінішті-ақ. Сырт дұшпанның арбауына шырмалған нәпсінің: «өмірді өзгерту сенің қолыңда, сен жәннаттық болуға лайықсың» деп сендіргеніне иланып, басқаларды өлтіру, өзін-өзі жарып жіберу аса «сауапты» іс деп алжасқан, тыныш елдің ішінде топалаң жасаушылар біздің елден де табылып жатыр.
Ислам ғалымдары: «Олардың нәпсісі (жаны) шайтанның уысында» - дегенді айтады. Яғни, пенде рухани еріксіздікке бой алдырады. Рухани дербестігінен айырылған адамның нәпсісі қашанда, қауіпті болмақ.

 

4. НӘФС МУТМӘИЙНӘ. (орныққан нәпсі). Нәпсінің бұл сатысында пенде күнәлі істерден түбегейлі тыйылады. Діни үкімдер мен тыйымдарды басшылыққа ала отырып, рухани кеселдерден айығып, шариғат талаптарын орындауды әдетке айналдырып жүрген отандастарымыз осы нәпсі деңгейінде. Имам Раббанидың сөзімен айтсақ: «Нәфс мутмәийнә деңгейіне дейінгі ғибадаттардың бәрі де еліктеушілік болып шығады, осы күйге жеткенде ғана ғибадат шынайы түрде, үлкен ықыласпен орындалады». Енді адамнан байқалатын теріс ықпалдар оң өзгерістерге ауысып, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) үмбетіне лайық көркем өнеге көрініс табады. Шынайы орындалған діни амалдарымен иман қуаты арта түсіп, қоғам алдында, Жаратушы Ие алдында биік абыройға жол бастайтын, бірінен-бірі биіктей беретін айрықша ықылас пен ерекше ғибадаттың қақпасы ашылады. Жаны (нәпсі) тынышталып, жүрек нұрлана түседі.

 

5. НӘФС РАДЗИЯ. (разы болған нәпсі). Нәпсінің бұл деңгейінде адам Алла Тағаланың барлық талаптарын аса үлкен ынтамен, разы бола отырып орындайды. Құран Кәрімде, Алла Тағаланың мұндай сүйікті пенделері үшін түсірген аяттарының бірнешеуін келтіре кетейік:
• «Біліп қойыңдар, анығында Алланың достарына қауіп-қатер жоқ, олар қайғы-қасірет шекпейді» (Юнус сүресі, 62-аят.)


• «Кітапты жіберген менің ием - Алла. Ол - жақсы құлдарының қамқоры, әрдайым оларды сақтайды» (Ағраф сүресі, 196-аят.)
• «Расында, «Раббымыз Алла» деп, одан соң тура жолмен жүргендерге аспаннан періштелер түсіп: «Қорықпаңдар, қайғырмаңдар, сендерге уәде етілген жәннатқа қуанып, мәз-мейрам болыңдар!» (Фуссилат сүресі, 30-аят.)


• «Ал және кім Аллаға, Пайғамбарға бой ұсынса, міне солар: Алла нығметке бөлеген пайғамбарлармен, шыншылдармен, шейіттермен және игі жақсылармен бірге болады. Бұлар неткен жақсы достар десеңші!» (Ниса сүресі, 69-аят.) дейді.


Осы аяттарда баяндалғандай, дінге мойынсұнғандар, иман келтіріп тура жолды таңдағандар, барлық істе дұрыстықты көздеп, Алланың уәлиі (досы) мәртебесіне жеткендіктен дүниеде де, ақыретте де қорқынышқа, қиындыққа ұшырамайды. Бұлар - аса жоғары рухани мәртебеге қол жеткізген адал да турашыл, әрдайым Алланың ерекше қамқорлығындағы жандар.


Мұндай нәпсі, кезінде, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сахабаларына, кейініректе «әһли әс-сүннәти уәл-жамағат» ғұламаларына, уәлилерге (Алла достарына) тән болған. Олар хикмет иелері-тін, сондықтан олардың кей істері мен амалдарын бүгінгі заман дін иелерінің бәрі бірдей түсіне бермеуі мүмкін.
Ғұламалардың түсіндіруінше, мысалдағы қасқыр - нәпсі, қой - адам. Егер пенде өз қалауын Алла Тағала қалауымен үйлестіре алмаса, өз нәпсісіне таланып өмір сүреді. Егер біз шариғат талаптарын орындай отырып, Алла Тағалаға тәуекел етіп, нәпсінің адамды қор ететін талаптарына шектеу қойып, оны ғибадат нәрімен тәрбиелеп, мұсылман ете білсек, онда амандыққа, саулыққа, берекеге ұйғарылған пенделердің қатарында болады екенбіз.

 

6. НӘФС МАРДЗИЯ. (сүйіспеншілікті иелік еткен нәпсі). Нәпсінің бұл деңгейінде адам - Раббының ерекше миссиясын орындауға лайық болған пенделерінің қатарында болады. Мұндай нәпсі нәбилер мен расулдарға тән. Олардың нәпсісі тек Алла Тағала разы болатын істерді ғана қалайды, өздеріне жеткен діни үкімдер мен тыйымдарды орындап қана қоймай, уағыздау арқылы көпшілік санасына жеткізеді.


Соңғы үш нәпсі иелеріне Алла Тағала: «Әй, орныққан нәпсі! Раббыңа, Ол сенен, сен Одан разы болған түрде қайт! Енді құлдарымның арасына кір! Сондай-ақ Жәннатыма кір!» - деп бұйырады. (Фәжр» сүресі 27-30 аяттар).


Ислам ғұламалары, Құран Кәрімде көрсетілген осы алты нәпсі түрінен бөлек, «НӘФС САФФАИЙ (таза, мөлдір, пәк нәпсі)» бар екенін айтады. Нәпсінің бұл деңгейі тек Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымызға тән. Әрине, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) қандай мадаққа да, құрметтің қандай дәрежесі болса да, оған лайық деп түсінеміз, әрі Алла Тағала, Өзінің осындай айрықша құлының үмбеті еткеніне мақтанамыз!
Раббымыз Құран Кәрімде: «Кімде-кім Аллаға есеп беруден қорқып, нәпсісін харамнан тыйса, олардың орны - жәннат»,- деп құлдарына уәде етеді («Назиғат» сүресі, 40-41 аяттар). Яғни, пенде нәпсісіне шариғат талаптарын қаншалықты мойындата алса, сонда ғана ол өзін-өзі шынайы танып, екі дүние жақсылық нығметтерінен дәм татпақ.


Алла Тағала биік дәрежелі Расулының бірі - Исаға (ғ.с.): «Ей, Иса! Әуелі өзіңнің нәпсіңе насихат ет! Егер нәпсің тура жолға келсе, басқаларға айт! Болмаса өз нәпсіңе ие болмай тұрып басқаға насихат етуден ұял!» - деп ескерту жіберген екен. Өйткені, нәпсі шариғат насихатын мойындап барып, тура жолға келмек.


Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) сахабасы Әбу Дарға (р.а.): «Шүбәсіз - Алланың, отбасыңның, бала-шағаңның, басқа адамдардың ақыларыңның қатарында денеңнің және нәпсіңнің де ақылары бар. Әрбір ақы иесіне ақысын қайтаруға мәжбүрсің» - деп насихат етіпті.
Мұндағы дененің ақысын қайтару - денені мақсатсыз суыққа үсітпей, орынсыз отқа күйдірмей, шамасыз жүк артпай, харам нәрселермен уламай, дәрет-ғұсылмен таза ұстау. Ал, нәпсінің ақысын қайтару - оны шариғат талаптарымен тәрбиелеп, мұсылман ету. Нәпсі мұсылман болғанда ғана адам мұсылман болмақ. Қалау, ынтызар болу, сүю - нәпсінің қалауы екен, онда Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) қалағанын тән алмай, жақсылыққа ынтызар болмай, Раббымызды шынайы сүймей қалай мұсылман болмақпыз...?


 Иман шұғыласына нұрланған нәпсі ғана, «Фәжр» сүресінің 27-30 аяттарында айтқандай, пендені Раббысының досы, қалаулысы, сүйіктісі ете отырып, « ... Сондай-ақ Жәннатыма кір!» - деп бұйыруымен мәңгі өмірдің рахатына шомылдырмақ. Яғни, діннің негізгі миссиясы пендені екі дүниенің жақсылығына бөлеу болса, онда осындай жақсылық нығметтеріне жеткізетін тәрбиелі нәпсі екен.

 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: