Қадірлі жамағат, Қадір түнінің қасиеті мен маңызы туралы тереңірек тоқталайық. Бұл түн – мұсылман қауымы үшін ерекше сыйға толы, артықшылыққа ие киелі уақыт.
"Бисмилләһир-рахманир-рахим. Ина әнзәлнәһу фи лайлати-л-қадр."
«Ақиқатында Біз Құранды Қадір түнінде түсірдік». (Қадір сүресі, 1-аят)
Яғни, Құран осы түні «Ләухүл-Махфуз»-дан дүние аспанына түсірілді. Бұл түннің қадірі мен құндылығын арттыратын жайттардың бірі де осы. Бірақ Қадір түні тек осы ғана емес, басқа да көптеген игіліктерді қамтиды.
"Уә ма әдрака ма лайлатул-қадр?"
«(Уа, Мұхаммед (с.ғ.с.)! Сен Қадір түнінің не екенін білесің бе?» (Қадір сүресі, 2-аят)
Яғни, бұл түннің ұлықтығы мен ерекшелігін, оның қаншалықты сауап пен игілікке толы екенін түсіну оңай емес.
"Лайлатул-қадри хайрум мин әлфи шахр."
«Қадір түні мың айдан да қайырлы». (Қадір сүресі, 3-аят)
Бұл түні жасалған құлшылықтың сауабы мың ай бойы үздіксіз жасалған ғибадаттан да артық. Ал оның нақты қаншалықты екенін тек Алла Тағала ғана біледі.
"Таназзалул-мәләикату уәр-руху фиһа би-изни раббихим мин кулли амр."
«Ол түні періштелер және Рух (Жәбірейіл ғ.с.) Раббыларының рұқсатымен барлық істер үшін түседі». (Қадір сүресі, 4-аят)
Мүфәссирлердің айтуынша, бұл түні періштелер жерге түсіп, мүміндерге дұға етіп, кешірім сұрайды.
"Сәламун һиа хатта матлаил-фәжр."
«Ол – таң атқанға дейінгі бейбітшілік түні». (Қадір сүресі, 5-аят)
Бұл түні періштелер мұсылмандармен сәлемдесіп, оларға амандық пен игілік тілейді. Сондай-ақ, бұл түні түрлі жамандықтар болмайды, барлық жерде тыныштық орнайды.
Қадір түнінің тарихы мен маңызы
-
Қадір түнінің нақты уақыты жасырын. Алла Тағала оны жасыру арқылы мұсылмандардың Рамазанның соңғы он түнінде көбірек құлшылық етуін қалаған.
-
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Қадір түнін Рамазанның соңғы он түнінен, әсіресе тақ түндерінен іздеуді бұйырған.
-
Бұл түні Жәбірейіл (ғ.с.) бастаған періштелер жер бетіне түсіп, Алланың рақымын жаудырады.
-
Қадір түні дұғалардың қабыл болатын уақыты. Ислам ғалымдары бұл түні келер жылдың тағдыры жазылады деп түсіндіреді.
-
Қадір түні жасалған құлшылық ерекше сауапқа ие.
-
Бұл түнде Алладан кешірім тілеп, дұға ету – аса маңызды.
Қадір түнін қалай өткізу керек?
-
Көбірек Құран оқып, намаз оқу;
-
Алланы зікір етіп, шынайы тәубе жасау;
-
Мұқтаж жандарға садақа беру, қайырымдылық жасау;
-
Өзіңіз және жақындарыңыз үшін дұға ету;
-
«Аллаһумма иннәкә афуувун, тухиббул-афуа, фағфу анни» («Уа, Алла! Шынында, Сен – аса Кешірімдісің, кешіруді жақсы көресің. Мені де кешіре гөр!») деген дұғаны жиі қайталау.
Әнас ибн Мәликтен (р.а.) риуаят етілген хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай деген:
«Алла Тағала Қадір түнін тек менің үмметіме нәсіп етті. Бұдан ілгері оны ешбір үмметке нәсіп етпеген еді».
Хадистерде бұл түннің Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) үмметіне ерекше сый ретінде берілгені айтылған. Өйткені, бұрынғы үмметтердің өмірі ұзақ болған, ал біздің үмметіміздің ғұмыры қысқа. Сондықтан Алла Тағала бізге осы түнді беріп, мың айлық ғибадатқа тең сауап алуға мүмкіндік сыйлады.
Қадірлі жамағат, бұл қасиетті түнді құлшылықпен өткізіп, Алланың рақымына бөленуге тырысайық. Алла Тағала баршамыздың дұға-тілектерімізді қабыл етсін! Әмин.
Мұхит Бердалиев
Байзақ ауданы, Қосақ ауылы «Қосақ» мешітінің имамы.