ИҒТИКАФ – ТЕРЕҢ ОЙҒА ЖЕТЕЛЕЙТІН ҚҰЛШЫЛЫҚ

ИҒТИКАФ – ТЕРЕҢ ОЙҒА ЖЕТЕЛЕЙТІН ҚҰЛШЫЛЫҚ

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Рамазан айында атқарылатын үлкен амалдың бірі – мешітте иғтикаф жасау. Иғтикаф – терең ойға жетелейтін құлшылық.

Иғтикаф дегеніміз – бір жерде тұру, бір нәрсені тұрақты түрде істеу, өзін бір жерге қамау. Ал шариғаттағы мағынасы мынадай: азан шақырылып, қамат түсірілетін мешітте иғтиқафқа ниет етіп, ораза ұстап белгілі бір мезгіл сол жерде қалу. Иғтикафтың рүкіні – мешітте отыру, шарты – ораза ұстау. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Иғтикаф тек оразамен болады», – деген.

Шын мәнінде біз күнделікті күйбең тіршілікпен терең ойлануға мән бермей жатамыз. Терең ойлану – пайғамбарлар мен ізгілерге тән құлшылық. Терең ойлана білген адам «өмірге не үшін келдім, қандай амал жасап жүрмін, есеп күнінде жағдайым не болмақ?» деген сұрақтарға жауап іздейді. Өйткені терең ойлану – Аллаға жақындата түсетін ғибадат.

Алла Тағала ардақты Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) адамзат баласын терең ойлануға шақыруды әмір етіп, былай деген: «(Уа, Мұхаммед!) Оларға: «Сендерге бар-жоғы бір ғана насихат айтамын: Естеріңді жиыңдар, мейлі жұптасып, мейлі оңаша қалып Алла үшін (менмендік пен сыңарезулікті қойып) шын көңілмен ақылға салып ойланыңдаршы!..» деп айт». («Сәбә» сүресі, 46-аят).

Расында адам жақсы ойлай алса, ақиқатты табады. Өйткені терең ойлану – жүректі, ақылды, және рухты кемеліне жеткізетін құлшылық. Ақиқатты іздеген адам адамзаттың, дүниенің жаратылысы жайлы, өмір мен өлім туралы, Құран мен хадистер хақында терең ой жүгіртеді. Шынында бұл жаратылыстар – Алланың белгілерінен.

Иғтикаф құлшылығы адамның рухын оятады. Аллаға деген ықыласын арттырып, өмірдің мәнін терең түсіне бастайды. Хақ Тағаланың тыйғандарынан тыйылудың мәнін түсінеді. Жақсы істерде белсенді болуға бел буады. Алланың ұлылығы жайлы көп ойланған пенде Оның әміріне қарсы келуден қорқады. Мешітте бірнеше күн ойланумен уақыт өткізген адамның тақуалығы да арта түседі.

Күн сайын көріп жүрген табиғат кереметтеріне ой жүгіртпеуіміз мүмкін. Бірақ адам баласы жаратылыс кереметтерін ойлаған сайын оның жүрегі Аллаға жақындайды. Иғтикафта отырған пенде басқа-басқа өзін-өзі тануға дағдыланады. Өзіне есеп беріп, өз әлемімен сырласады. Өмірде қойған мақсаттары мен отбасы, туған-туыс, қоғам, ел алдындағы жауапкершілігін терең сезінеді.

Дінімізде бір сағат ойлану бір жылдық нәпіл ғибадаттан артық саналады. Шынында даналық – көп ойланудың жемісі. Адамның өз уақытын бос өткізуге әдеттеніп алғанының бір себебі – өмір мен өлімді терең ойланбауынан. Өмір мен өлімді көп ойлаған пенде Алланың берген баға жетпес қазынасы – уақытты босқа өткізбеуге тырысады.

Рамазан айында иғтикаф құлшылығына ниет етіп, уақытын мешітте өткізген адам жамағат намазына қатысып, көбірек сауап алу мүмкіндігіне ие болады. Жамағат намазы – мұсылмандар арасындағы рухани бірлікті нығайтатын ерекше құлшылық. Оның сауабы жеке намазбен салыстырғанда көп. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жамағатпен оқыған намаздың жеке орындаған намаздан 27 есе артық екенін айтқан. Жамағат намазына қатысқан адамның жүрегі тыныштық табады.

Иғтикаф құлшылығын жасаған мұсылман өзіне есеп беруді үйренеді. Мұндай жақсы әдетті үйренген адам өз іс-әрекеттері мен ниетін ізгілік арнасына бұрады. Өзінің өмір жолы жайлы терең толғанып, жіберіп алған қателіктерін түзетуге тырысады. Рухани тазарып, кемелденуге ұмтылады. Исламда өзін-өзі бақылау және есепке алу маңызды құлшылық болып саналады.

Иғтикаф құлшылығы ішкі тазалыққа ұдайы мән беруге дағдыландырады. Өзіне есеп беру адамның жүрегін және санасын тазартуға көмектеседі. Ол күнәларды мойындауға, кешірім сұрауға және түзету жолдарын іздеуге түрткі болады.

Мешітте көп құлшылық етіп, иғтикафта отырған адам періштелердің іздеген пендесіне айналады. Бұған дәлел Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мына сөзі: «Мешітке жиі баратындар – мешіт тұрғындары. Ал періштелер олардың отырыстағы серіктері. Олар мешітте жоқ болса, періштелер оларды іздейді. Ауырса, барып жағдайын сұрайды. Бір ісі болса, сол істе көмектеседі. Мешітті мекен етуші үш нәрсенің біріне қол жеткізеді: діні үшін пайдалы бауырға, дана сөзге не болмаса өзі күткен Алла Тағаланың рахметіне».

Раббымыз мешiттерді жақсы көреді. Себебі мешіт – тақуалық мекені. Құлшылық пен Жаратушының рахметі жауған орын. Осы себептен бiз мешiттi тек намаз және Құран оқып, садақа беретiн орын деп түсiнбеуiмiз керек. Мешiт – ең алдымен Алланың әмiрiн орындау, дінді үйрену орны. Сондықтан садақа берумен қатар, мешітке құлшылық етіп, намаз оқу үшін келуіміз керек.

Иғтикаф жасауға ниет етіп, мешітте бірнеше күн болуға бел байлаған адам түнгі уақытын намаз оқуға арнап, құлшылықтың ләззатын сезінеді. Намазды шынайы ниетпен оқысақ, оның хикметтерін түсінеміз. Күйбең тіршіліктен арылып, алаңдаушылықтан бір сәт өзімізді босатып, намаздың пайдасын сезінеміз. Мұндай сәтте жүрекке тыныштық пен сабыр ұялайды. Намазда тұрғанда оқылған аяттардың мағынасына ой жүгірткен абзал. Бұл рухани тереңдікке жетуге көмектеседі.

Түнгі намазда тұрған адам бұл ғибадат тек қимыл мен сүрелерді оқумен шектелмейтінін түсінеді. Мұндай сәтте жүректегі сезімдер мен ізгі ниеттер өзара үйлесім табады. Осылайша Алламен байланыс артады.  

Істі Аллаға тапсыру, Оған тәуекел ету, уәдесіне сену, бергеніне ризашылық таныту, Ол туралы жақсы ойда болып, көмегін күту – иманның жемістерінің бірі және нағыз мұсылмандық сипат. Істің соңы жақсы болатынына сенген мұсылман әр ісінде Аллаға арқа сүйеп, әрдайым көмегіне, қамқорлығына, қолдауына ие болады. Қасиетті Құранда: «Егер мүмін болсаңдар, Аллаға ғана тәуекел етіңдер» («Мәидә» сүресі, 23-аят) делінген.

Бір немесе бірнеше күн бір орында болу шыдамдылық пен сабырлықты талап ететіні белгілі. Иғтикаф құлшылығы мұсылманды төзімділікке үйретеді. Мұсылман өз мақсатына жету үшін міндетті түрде әр істе табандылық, тұрақтылық танытып, даналықпен сабыр сақтай білуі керек. Сабырлы бола алмаған пенде өткінші сынақтарға беріліп қалады. Жалғыз қалу ішкі сабырлықты шыңдайды.

Иғтикафта отырған пенде Құранға байланады. Оны оқып қана қоймай, амалға асыруға тырысады. Алла Тағала Құран Кәрімде Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Біз саған әр нәрсені баяндайтын және мұсылмандар үшін тура жол, мейірім және сүйінші ретінде Құранды түсірдік», – деп айтқан («Нахл» сүресі, 89 аят). Біз Құранды өмірімізге шамшырақ етсек, Алланың қалауымен тура жолдан таймаймыз. Алланың мейіріміне бөленіп, екі дүниеде де жақсылыққа қол жеткізеріміз хақ.

Иғтикафта отырған адам көп дұға жасауды үйренеді. Дұға – мұсылманның қаруы. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Дұға – құлшылықтың негізі», – деген. Бұл – құлшылықтың негізі дұға екенін білдіреді. Құлшылықсыз, дұғасыз өткен өмірдің мәні жоқ. Адам әрқашан Алланың қолдауына, қорғауына, жәрдеміне мұқтаж. Сондықтан біз өзімізге қажет нәрсені әрқашан Алладан сұрауға ұялмауымыз керек және мұндай жақсы әдетті бала-шағамызға да үйреткеніміз абзал.

Алла Тағала пенделерінің дұғасын қабыл етеді. Өйткені Ол пенделеріне өте жақын. Бұл туралы Құранда Алла Тағала былай деген: «(Уа, Мұхаммед!) Егер құлдарым сенен Мен туралы сұраса, Мен оларға өте жақынмын, Маған жалбарынып, дұға еткеннің дұғасын жауапсыз қалдырмаймын. Ендеше, олар да Менің үндеуіме оңды жауап берсін һәм Маған лайықты түрде иман келтіріп, соның арқасында (ақыл-ой әрі рухани тұрғыдан) кемелдену жолына түссін».

Алла Тағала қасиетті Рамазан айындағы барша құлшылықтарымыз бен ізгі амалдарымызды қабыл еткей.

 

Естай АЙТУҒАНҰЛЫ,

Қарағанды облысының бас имамы

«Мұнара» газеті, №6, 2025 жыл

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: