Қай дәуірде болмасын, тілдердің өзара ықпалдастығы үнемі орын алып келген. Тарихтың әртүрлі кезеңдерінде қазақ тілі орыс тіліне, орыс тілі қазақ тіліне, француз тілі ағылшын тіліне, араб тілі испан тіліне т.б. әсер еткені белгілі. Бұл үдерісті тиімді пайдаланған ұлттар ғана өз тілдерін айтарлықтай байыта білген. Әлбетте, сөзалмасу жағдайында тілді бұзып алу қаупі де жоқ емес. Бұл жерде ескеретін дүние – ұлттың үні мен тілдің табиғатын жоғалтып алмау ләзім.
«Салт-дәстүр», «әдет-ғұрып» деген сөз тіркестеріндегі «салт» өзіміздің төл сөзіміз. Ал «әдет» пен «ғұрып» сөздері қазақ тіліне араб тілінен, ал «дәстүр» парсы тілінен енген, - десек, кейбіреулер: «ата-бабамыз мылқау болған екен ғой», деп мұқатады.
Жүз жылдан кейін «компьютер», «машина» және «лайк» сөздері кірме сөздер десек, әлгілердің ұрпағы: «Ата-бабамыз мылқау болған ғой» дей алар ма екен?
Тілдердің өзара ықпалдастығына көптеп мысал келтіруге болады. Мысалы, «Реал Мадрид» пен «Барселона» футбол клубтары ойын алаңында кездесе қалса, тек испандықтар ғана емес, төрткіл дүние «Эль-Кла́сико» деп таңдай қағады. Осы сөздегі «эль» араб тілінен испан тіліне енген артикль. Ол қазақтың жерлерге қатысты атауларында да кездеседі. Мәселен, Әл-Фараби, Әт-Тарази, Әт-Түркістани ... тағысын тағы. Демек, тілдердің өзара ықпалдастығы деген бар дүние.
Араб тілінен тек түркі тілдері ғана әсерленген десек, қателесеміз. Мәселен, ағылшын тілінде түйені білдіретін «Camel» (Кэмел) сөзі араб тілінен, дәлірек айтқанда Мысыр диалектісінен енген. Түйені араб тілінде «Джамал» деп атайды. Ал мысырлықтар жергілікті өз диалектілерінде бұл сөзді «Гамал» деп оқиды. «Гамал» - «Кэмел» болып Тұманды Альбион еліне еніп кеткен.
Өзге тілдерден әсерлену процесі араб тілін де айналып өтпеген. Мысыр астанасы Каирде ұзындығы 20,5 шақырымға созылған «Кубри Ситти октобер» (Алтыншы октябрь көпірі) деп аталатын көпір бар. «Кубри» дегені көпір. Сірә, бұл сөз мәмлүктердің заманынан араб тіліне енсе керек.
Қай бір жылдары Каирде Қазақ елшілігінде алақандай жерді қазатын болып, қазақтар сол жердегі жұмысшы бір араптан күрек сұрамақшы болады. Бар білген арабшасымен «Хаффара» (қазу құралы) керек, дейді. Бірақ ол сөзі күрек емес, экскаваторға саяды. Ананы-мынаны айтады, не керек, түсіндіре алмаған соң, налып «мынаған «күрек керек» деп жеткізе алмадым ғой», - десе, әлгі арабың «Күрек?» деп жүгіріп кетіп, сұраған күрегін әкеліп тұр дейді. Сөйтсе, біздің қыпшақ ата-бабамыз арабтың тіліне «күрек» деген сөзді де еңгізіп үлгерген екен.
Тіл деген – халықтың ең үлкен ерекшеліктерінің бірі екені рас. Қазақ тіліндегі арабизмдерді қабылдай алмаудың астарында не жатыр екен? Атеизм бе, тәңіршілдік пе? Арабизмнің арғы жағында Ислам дінінің ықпалы бар екені айдан анық. Демек, арабизмді жоққа шығару – халықтың санасынан Ислам дінін өшіруге тырысып бағудан басқа ештеңе емес!
Жұмағұл Қанат Әділханұлы,
Жамбыл облысы Байзақ аудандық
«Байзақ баба» мешітінің бас имамы,
араб тілінің филологы.