ОБЛЫС БАС ИМАМЫ "РАМАЗАН СЫЙЫ" ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ МАРАФОНЫ АЯСЫНДА КӨМЕК ТАБЫСТАДЫ
Жамбыл облысының бас имамы Асқар Сатылғанов пен Қордай ауданының бас имамы Әлімұхаммед Егізбаев қасиетті Рамазан айының құрметіне ұйымдастырылған "Рамазан сыйы" республикалық қайырымдылық марафоны аясында тұрмысы төмен, көпбалалы және мүмкіндігі шектеулі азаматтардан тұратын отбасыларға көмек көрсетті.
Игі шара барысында 33 отбасыға азық-түлік салынған арнайы қоржындар таратылды. Әр отбасыға бірінші кезекте қажетті тауарлар – ұн, күріш, май, қант, шай және басқа да күнделікті тұтынатын азық-түлік өнімдері берілді.
Қайырымдылық марафонының басты мақсаты – көмекке мұқтаж жандарға қолдау көрсетіп, қасиетті Рамазан айында мұсылман қауымының ауызбіршілігін арттыру. Ұйымдастырушылар мұндай игі бастамалар алдағы уақытта да жалғасын табатынын жеткізді.
Көмек алған отбасылар ұйымдастырушыларға шынайы алғыстарын білдіріп, дұға-тілектерін айтты.
Ақерке БЕКҚҰЛОВА,
"Һибатулла Тарази" мешітінің баспасөз қызметі