Жамбыл облысы Байзақ аудандық «Байзақ баба» мешітінің әйел-қыздар секторының жетекшісі Жанат Әмірханқызының ұйымдастыруымен «Сырбаз» дәмханасында «Қош келдің Рамазан» атты рухани шара өтті.
Рухани шарада Жанат Әмірханқызы: «Рамазан – он екі айдың сұлтаны, берекелі де кешірімі мол ай. Біздің халқымыз ежелден рамазанды ерекше қастерлеп, «Он екі айдың сұлтаны» деп атаған. Берекесі мол айда жарамазан жырын айтып, оразаның келгенін қуанышпен қарсы алып, насихаттаған. Ал ауызашар дастарқаны рухани сұхбаттың, бата мен ізгі тілектің ортасы болған. Ауыз бекіткен адамды айрықша қадірлеп, оған ауызашар беру – бағзыдан келе жатқан, салтқа сіңген діни жоралғы.
Таңғы сәресі әр шаңырақ үшін қуанышты сәт болса, кешкі ауызашар ағайын мен туысты, бір қауым елді имандылыққа ұйытқан, мерекесі мен берекесі үйлескен басқосу болатын. Аллаға шүкір, бұл игі дәстүр ғасырдан-ғасырға жалғасып, жаңғырып келеді.
Күнделікті тіршілік қамымен жүретін пенденің жүрегіне бұл айда иман нұры құйылады. Өйткені ораза адамды тақуалыққа тәрбиелейді. Сабырлық, қайырымдылық, мейірімділік, бауырмалдық секілді адамдық асыл қасиеттер артып, иман күшейеді», - деді.