Шу қалалық №1 кітапханасында рухани ағарту мен тәрбиені ұштастырған тағылымды кездесу өтті. Бұл кездесудің басты қонағы – Сауытбек ауылының «Асайын Кәлпе» мешітінің имамы Шаттық Жексенұлы болса, оған «Ыбырай Алтынсарин» атындағы мектептің 9-сынып оқушылары белсенді қатысты.
«Дін және жастар»тақырыбында өрбіген сұхбат барысында «Дін» мен «Жастар» ұғымдарының мән-маңызына кеңінен тоқталып, олардың қоғамдағы рөлі жайлы ой қозғады. Дін – ізгілікке, адамгершілікке жетелейтін жол екенін, ал жастар – елдің болашағы екенін тереңнен талқылады.
Кездесудің басты мақсаты өскелең ұрпаққа қазіргі діни ахуалдың мәнін ашып көрсету, салт-дәстүр мен діннің үйлесімділігін ұғындыру, сондай-ақ, жат ағымдардың залалынан сақтандыру мәселесін, имам тілге тиек етті.
Оқушылар өз тараптарынан дінге қатысты көкейкесті сұрақтарын қойып, мазмұнды жауаптар алды. Бұл кездесу – жастардың діни сауатын арттырып, рухани құндылықтарға деген құрметін нығайтуға бағытталған маңызды бастама болды.
Шу аудандық «Жәми» мешітінің баспасөз қызметі.