ҚМДБ жыл басында бекіткен Республикалық ақпараттық-насихаттық топ (РАНТ) жоспары аясында Жамбыл облысына ҚМДБ «Діни оңалту» бөлімінің маманы, РАНТ мүшесі Ислам Қаюпов арнайы сапармен келді.
Сапар барысында Ислам Қаюпов Тараз қаласы қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің «№67 мекемесіне» барып, жазасын өтеушілермен жеке және топтық кездесулер өткізді. Жиынға Жамбыл облысының бас имамы Асқар Зәкіржанұлы бастаған Тараз қаласының имамдары қатысты.
Жеке кездесуде РАНТ мүшесі терроризм бойынша тергеу сатысындағы азаматтармен жолығып, дәстүрлі діни ұстаным жөнінде түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Топтық кездесуде облыстың бас имамы жазасын өтеушілерді қасиетті Рамазан айымен құттықтап, жүрекжарды тілегін жеткізді.
Өз кезегінде Ислам Қаюпов оразаның пайдасы жайлы уағыз айтып, жиын соңында жат ағымдар мен олардың зардаптары туралы ақпараттық-түсіндіру жұмысын жүргізді.
"Һибатулла Тарази" мешітінің баспасөз қызметі