Ауызашар беру – сауабы мол амал. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Ораза ұстаушыны тамақтандырған адам (ауызашар берген) оның сауабын алады. Әрі оған ораза ұстаушының сауабы еш кемітілмей беріледі», деп сүйіншілеген. (Тирмизи)
Ауыз аштырудың төрт түрлі сауабы барын айта кетейік:
1. Ораза ұстаушының сауабы беріледі.
2. Күнәлары кешіріледі.
3. Рамазан айы бойына періштелер ауыз аштырған кісіге Алладан жарылқау тілеп тұрады.
4. Тозақ отынан азат болады.
Осындай мақсатта «Төле би» мешітінде сауаптар екі еселеніп жазылатын айда игі іс жасауға асық болды. Әйел-қыздар секторының ұстазы Насихат Доғдырбайқызының демеушілігімен мешітте дастархан жайылды. Кеш барысында ақжаулықты апа-әжелеріміз, ақсақалды аталарымыз жастарға батасын беріп, жиналған қауым Рамазанның берекесі мен бірлікке бастайтын маңызы жайлы ой бөлісті.
Шу аудандық «Жәми» мешітінің баспасөз қызметі.