Қасиетті Рамазан айының құрметіне және Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының 35 жылдығына орай Жамбыл облысында кең ауқымды қайырымдылық марафоны өтті. Бұл игі бастама аясында әлеуметтік жағдайы төмен, көпбалалы отбасылар мен ерекше қамқорлықты қажет ететін жандарға азық-түлік себеттері үлестірілді. Шараға облыстық "Һибатулла Тарази" мешіті және барлық аудан мешіттері белсенді түрде атсалысты.
Қайырымдылық шарасында "Алтын алқа", "Күміс алқа" иегерлері саналатын батыр аналарға ерекше құрмет көрсетілді. Облыстық мешіттің ұйымдастыруымен 50 отбасыға көмек көрсетілсе, жалпы Жамбыл облысы бойынша 450 отбасыға азық-түлік себеттері таратылды. Қайырымдылық қораптарын ҚМДБ-ның Жамбыл облысы бойынша бас имамы Асқар Зәкіржанұлы өз қолымен табыс етіп, оларға қасиетті айда мол сауап, береке тіледі.
ҚМДБ-ның Жамбыл облысындағы Зекет қорының өкілі Ержан Аманбаевтың айтуынша, республика көлемінде 3500 отбасыға көмек көрсетілсе, жыл соңына дейін бұл игі бастама аясында 35 000 отбасыға қайырымдылық жасалмақ.
Рамазан – тек ауыз бекіту ғана емес, сауапқа толы игі істер жасау айы. Осы орайда ұйымдастырылған қайырымдылық марафоны жұртшылықтың жүрегіне жылулық ұялатып, көмекке зәру жандарға қуаныш сыйлады. Мұндай ізгі бастамалар алдағы уақытта да жалғасын табады.
Ақерке БЕКҚҰЛОВА
"Һибатулла Тарази" мешітінің баспасөз қызметі