«Ислам және отбасы құндылықтары» жылы аясында «Жүніс молда» мешітінің ұстазы Назарбаева Бота және «Меркі ата» мешітінің ұстазы Тілеубердіева Мединаның ұйымдастыруымен «Қош келдің, Рамазан!» атты әйелдер жамағатына арналған рухани кеш өтті. Шараның мақсаты – Рамазан айының қадір-қасиетін дәріптеу, оразаның мәнін түсіндіру және қоғамдағы ынтымақты арттыру.
Кеш Құран оқумен басталды. Қасиетті аяттар жамағаттың жүрегін нұрландырып, Аллаға жақындауға себеп болды. Одан кейін ораза туралы көріністер қойылып, жиналғандар сабыр мен төзімділіктің маңызын тереңірек ұғынды.
Ұстаздар оразаның рухани және әлеуметтік маңызы жөнінде тағылымды уағыз айтты. Олар бұл айдың тек ішіп-жеуден тыйылу емес, ең алдымен жан-дүниені тазарту, мейірімділік таныту және кешірімді болу кезеңі екенін атап өтті.
Кештің қызықты бөлігі – викториналық ойындар. Қатысушылар ораза, Рамазан айы және ислам діні жайлы білімдерін сынап, жаңа мәліметтермен толықтырды. Ойындар көңілді әрі танымдық сипатқа ие болып, жамағаттың бірлігін одан әрі нығайтты.
Шара барысында садақа жинау дәстүрі де қолға алынды. Осы кеште алғашқы садақа жиналып, мұқтаж жандарға қолдау көрсету бастамасы жасалды. Бұл – Рамазан айының рухын сезініп, қайырымдылықты арттырудың тамаша мүмкіндігі.
Кеш соңында барлық қатысушыларға Рамазан айының берекесі мен мейірімі тілектестікпен жеткізілді. Алла Тағала баршамызды осы қасиетті айдың шарапатынан құр қалдырмасын!